ЖаңалықтарОқиға

Әсет Құралбай АҚШ-та көз жұмды: полиция ақпаратты растады

АҚШ-тың Иллинойс штатында, Чикаго қаласы маңында із-түзсіз жоғалып кеткен 24 жастағы Қазақстан азаматы Әсет Құралбайдың денесі табылды, деп хабарлайды Tizgin.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

ҚАШАН ЖОҒАЛДЫ

Ақпарат Instagram әлеуметтік желісінде жарияланды. Онда полиция жүргізген тексеруден соң табылған марқұмның Әсет Құралбай екені ресми түрде расталғаны айтылған. Сондай-ақ оның әпкесі Гүлнара жақын күндері Нью-Йорктен Чикагоға ұшып барып, мәйітті Қазақстанға жеткізу жұмыстарымен айналысатыны хабарланды. Осы мақсатта отбасы қаражат жинауды бастаған.

Айта кетейік, Әсет Құралбай 2026 жылдың маусым айының басында Иллинойс штатындағы Форд-Хайтс ауданында жоғалып кеткен еді. Оның туыстары байланыс үзілгеннен кейін достарынан пәтерін тексеруді сұраған. Пәтерден жазба мен банк карталары табылған.

ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІ НЕ ДЕЙДІ

Отбасы мәліметінше, 10 маусымда жоғалғаны туралы арыз берілгеннен кейін көп ұзамай, Әсеттің көлігі үйінен бес минуттық жерде табылған. Бейнебақылау камераларына белгісіз қара нәсілді әйелдің көлікті айдап кеткені түсіп қалған. Қазір оның кім екені және оқиғаға қандай қатысы бары анықталып жатыр.

Туыстарының айтуынша, полиция істі белсенді түрде тергеп жатыр. Оқиға орнына бірнеше патрульдік көлік жіберіліп, сараптама жүргізу үшін Әсеттің жеке заттары тәркіленген. Іздеу жұмыстарына қызметтік иттер де жұмылдырылған.

МӘН-ЖАЙЫ

Әсет АҚШ-та шамамен төрт жыл тұрған. Ол Amazon жеткізу қызметінде жұмыс істеп, соңғы уақытта Чикагоның қылмыс деңгейі жоғары ауданында тұрған. Көршілерінің айтуынша, ол тұйық өмір салтын ұстанған, адамдармен сирек араласқан.

Марқұм соңғы рет 2 маусым күні ағасымен телефон арқылы сөйлескен. Кейін бірнеше күн бойы хабарсыз кеткен соң, отбасы дабыл қағып, іздеу жұмыстарын бастаған.

Back to top button