Риддерде көптен күткен қазақ мектебі ашылды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында 600 оқушыға арналған жаңа жалпы білім беретін мектептің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер
Ауқымды әлеуметтік жоба қаланың 5-ші шағынауданында жүзеге асырылды. Жаңа білім ордасының жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асады. Үш блокты ғимарат қауіпсіздік пен жайлылықтың озық стандарттарына қатаң сәйкес жобаланып, жабдықталған. Аталған шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

«Биыл облысымызда 10 мыңға жуық жас бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Оның 60-тан астамы осы Шаңырақ мектебіне қабылданды. Жаңа оқу жылында шекаралық аймақ саналатын Марқакөл ауданы, жаңадан құрылған Самар ауданы және өндірісі қуатты Риддер қаласында үш жаңа мектеп пайдалануға берілді. 600 орындық заманауи «Шаңырақ» мектеп-гимназиясы – келешекте білім мен инновацияның көшін бастап, еліміздің білімді, бәсекеге қабілетті жастарын тәрбиелейтін іргелі білім ордасына айналсын. Жаңа оқу жылы құтты болсын!», – деді аймақ басшысы.
Мектепте қандай мүмкіндіктер қарастырылған
Білім ордасында оқушылардың сапалы білім алуы және шығармашылық тұрғыда дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, 5-11 сыныптарға арналған кең оқу кабинеттері, мамандандырылған шеберханалар, заманауи кітапхана, ресурс орталығы, бастауыш сыныптарға арналған толығымен оқшауланған және қауіпсіз оқу аймағы бар. Ғимаратта үлкен және кіші спорт залдары, 135 орындық акт залы, толыққанды медициналық блок, логопед пен психолог кабинеттері қарастырылған.

Балалардың сапалы тамақтануына ерекше назар аударылып, заманауи асхана жабдықталған. Мектептің іргелес аумағы да көпфункционалды спорттық-ойын алаңына айналды. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол ойнауға арналған заманауи алаңдар, кәсіби 250 метрлік жүгіру жолағы, әртүрлі жас тобындағы балаларға арналған жайлы ойын және демалыс аймақтары жабдықталған.