TOP-2Жаңалықтар

Respublica партиясының бір кандидаты Құрылтай сайлауына қатысудан бас тартты

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Respublica партиясының Құрылтай сайлауына арналған партиялық тізімінен Сәния Темірғалиеваны шығарып, сайлауға 75 кандидатты ресми түрде тіркеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сәния Темірғалиева – Қостанай облысындағы ResWoman әйелдер қауымдастығының жетекшісі. Ол 11 шілдеде партиялық тізімнен өз еркімен шығу туралы өтініш берген. Осыған байланысты ОСК партия ұсынған 76 кандидаттың орнына 75 кандидатты тіркеді.

ОСК кандидаттарды тексерді

Respublica партиясы құжаттарын ОСК-ға 7 шілдеде тапсырған. Комиссия барлық кандидаттардың Қазақстан азаматтығын, елде тұрақты тұру мерзімін, жасын, соттылығы мен сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша мәліметтерін, сондай-ақ активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларын тексерді.

ОСК мәліметінше, тіркелген 75 кандидаттың барлығы Конституция мен сайлау заңнамасының талаптарына толық сәйкес келеді.

Партия тізімінде кімдер бар

Respublica партиясының кандидаттарының орташа жасы – 41 жас. Ең жас үміткер – 27 жаста, ал ең үлкені – 55 жаста.

Партиялық тізімнің басым бөлігін кәсіпкерлер құрайды. Сонымен қатар оған мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор, білім беру, агроөнеркәсіп, мәдениет, спорт, медиа және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енгізілген.

Respublica партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылған. Себебі партия Мәжілістің алдыңғы сайлауында 8,59 пайыз дауыс жинаған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай нәтиже көрсеткен партиялар кандидаттар тізімін тіркеу үшін сайлау жарнасын төлемейді.

Құрылтай сайлауы қашан өтеді

Құрылтай депутаттарының сайлауы 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген. Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Сенат пен Мәжілістің орнына бір палаталы Құрылтай құрылады. Оның құрамына пропорционалды сайлау жүйесі бойынша партиялық тізіммен сайланатын 145 депутат енеді.

Back to top button