Ресми: Қуат Хамитов Арман Царукянмен жекпе-жекке шығады

Қуат Хамитов UFC жұлдызы Арман Царукянмен белдеседі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қазақстандық ММА жауынгері Қуат Хамитов армениялық UFC өкілі Арман Царукянмен RAF (Real American Freestyle) күрес лигасының турнирінде күш сынасады.
Қуат Хамитовтың соңғы күрес белдесуі 14 ақпанда Грузияның Батуми қаласында өткен GFC 36 турнирінде өтті. Қазақстандық спортшы бразилиялық джиу-джитсу (BJJ) ережесі бойынша бразилиялық Алан Сильвамен белдесіп, төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Ал Арман Царукянның соңғы күрес кездесуі 2026 жылғы 31 мамырда АҚШ-тың Арлингтон қаласында ұйымдастырылған RAF 09 турнирінде өтті. Бұл белдесуде UFC жауынгері америкалық Килон «Магзи» Джимисонды 16:5 есебімен мерзімінен бұрын жеңді.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен ACBJJ 20 турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында Қуат Хамитов пен Арман Царукян арасында көпшілік алдында сөз тартысы болған еді. Қуат Арманды джиу-джитсуда өзіне әлсіз қарсылас таңдады деп сынап, оның мықты балуанмен емес, файтер Шара Буллетпен шығуын «жеңіл жол» деп атаған.
Өз кезегінде Арман Царукян бұл пікірмен келіспейтінін айтып, қарсыластарды көрермен қызығушылығы мен медиялық тартымдылыққа қарай таңдайтынын жеткізді. Сонымен қатар UFC өкілі ұйымдастырушылар лайықты қаржылық ұсыныс жасаса, Қуат Хамитовпен кез келген уақытта белдесуге дайын екенін мәлімдеген болатын.