TOP-2Жаңалықтар

Ресейлік мердігер Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылысын кешіктіріп жатыр

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мердігер ұйымдардан Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылыс қарқынын бірнеше есе арттыруды талап етті, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

Құрылыс неге кешігіп жатыр

Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында министр жобаның іске асырылу барысымен танысып, бекітілген кестеден айтарлықтай кешігудің бар екенін атап өткен. Келісімшарт бойынша құрылыс мерзімі 36 айды құраса, соның 29 айы өтіп кеткен. Соған қарамастан жобаның жалпы дайындығы шамамен 40 пайыз ғана. Басқаша айтқанда, құрылысқа бөлінген уақыттың 81 пайызы пайдаланылғанымен, нақты орындалған жұмыстардың көлемі жоспарланған көрсеткіштерден едәуір төмен.

«Мұндай құрылыс қарқыны бізді қанағаттандырмайды. Мердігерлер жұмыс көлемін дереу ұлғайтуы тиіс», – деді Ерлан Ақкенженов.

Құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі небәрі 13 пайызды құрайды. Бетон жұмыстары бойынша да айтарлықтай артта қалу байқалады: жоспарланған 58,4 мың текше метрдің орнына небәрі 7,5 мың текше метр орындалған.

Технологиялық жабдықтар уақытынша жеткізілмей кешігіп жатыр. Тапсырыс берілген 259 позицияның тек 98-і ғана шетелдік өндірушілер тарапынан жөнелтілген. Осыған байланысты мердігерлерге жабдықтарды жеткізуді бірнеше есе жеделдету, шетелдік өндірушілермен жұмысты күшейту және Қазақстан аумағында модульдік құрастыру қуаттарын арттыру тапсырылған.

«Жаңаөзен газ өңдеу зауыты – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Тапсырыс беруші мердігерлерді жүз пайыз аванспен уақытылы қамтамасыз етті. Енді құрылыс қарқынын күшейтіп, зауытты белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажет», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Зауыт не үшін қажет

Құрылысты жеделдету үшін құрылыс алаңына қосымша жұмыс күші мен арнайы техника жұмылдырылуы тиіс. Құрылыстың ең қызған кезеңінде мұнда 1200-ге дейін маман еңбек ететін болады. Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына 900 млн текше метр газ өңдей алады. Жоба аясында жыл сайын 743 млн текше метр тауарлық газ, 217 мың тонна сұйытылған мұнай газы және 122 мың тонна пентан-гексан фракциясы өндіріледі.

Энергетика министрлігі жобаның іске асырылуын бақылауды күшейтті. Енді мердігер ұйымдар құрылыс барысы, орындалған жұмыстар және анықталған кешігулерді жою жөніндегі шаралар туралы апта сайын жедел есеп ұсынып отырады. Жаңаөзен газ өңдеу зауытын пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.

Зауытты кім салып жатыр

Жаңаөзен газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты тендерді ресейлік Peton холдингі жеңіп алған. Жаңа газ өңдеу зауыты құрылысының жобалық бюджеті 148 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын 2023 жылдың соңына дейін салынып, іске қосылады деп жоспарланған, бірақ оны іске қосу мерзімі 2026 жылға шегерілген еді.

2021 жылдың маусымында Мемлекет басшысы бұл процесті кейінге қалдыру экономикалық және әлеуметтік тәуекелдерге әкелетінін түсініп, Жаңаөзен газ өңдеу зауытының құрылысын жеделдетуге шақырған болатын.

Ресми ақпаратқа сәйкес, құрылысқа тек ресейлік мамандар тартылғаны айтылмайды. Құрылыс алаңында қазақстандық және шетелдік мамандар жұмыс істейтіні ғана көрсетілген. Бас мердігер ресейлік болғанымен, мұндай EPC жобаларында көптеген қосалқы мердігерлер мен жабдық жеткізушілер әртүрлі елдерден тартылады.

Back to top button