TOP-1Геосаясат

Ресейді ТМҰ-ға бақылаушы ретінде шақыру: Түркия Тоқаевтың ұсынысына жауап берді

Түркияда ресми билік өкілі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейді Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) бақылаушы мәртебесін беру туралы ұсынысына қатысты үн қатты. Түркиядағы билік басындағы Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Ресейдің ұйым жұмысына қандай шарттармен қатыса алатынын түсіндіріп, ынтымақтастықтың балама форматын ұсынды. Бұл туралы Tizgin.kz түркиялық Anadolu ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Күршад Зорлу мұның аса маңызды әрі нәзік мәселе екенін атап өткен.

«Ең алдымен, Орта дәліз төңірегінде қалыптасып жатқан нақты геосаяси жағдайда Шығыс пен Батысты байланыстыратын бағыттағы түркі мемлекеттерінің стратегиялық маңызы артып келе жатқанына көп ел назарын аударып отыр. Бұл өз кезегінде біздің ұйыммен диалог орнатуға деген қызығушылықты күшейтеді. Бұған мысал ретінде саммиттен бір күн бұрын ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен ресми кешкі асты айтуға болады. Осы іс-шара барысында АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы хабарласып, саммиттің өткізілуімен құттықтады. Осылайша ол ұйымның маңызын атап көрсетті.

Ресейдің қазіргі ұстанымы, сондай-ақ бұған дейін басқа да көптеген мемлекеттің біздің ұйыммен ынтымақтастық орнатуға бағытталған бастамалары оған деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын дәлелдейді. Ресейге келер болсақ, бұл елде бізбен тарихи және этникалық тамыры ортақ миллиондаған адам тұратыны сөзсіз. Бізді Ресейдің көптеген өңірімен, әсіресе Татарстан, Башқұртстан және Якутиямен терең мәдени байланыстар біріктіреді. Осы тұрғыдан алғанда, Ресеймен мәдени диалог орнату – әбден заңды құбылыс», – деді Зорлу.

ТМҰ-ға мүше болу үшін қойылатын тіл талабы

Күршад Зорлу Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) ортақ тіл, тарих, мәдениет және ерікті қатысу қағидаттарына негізделген тәуелсіз түркі мемлекеттерінің ынтымақтастық тетігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйымның негізін қалаушы қағидаттары мен толыққанды мүшелікке қабылдау талаптары Нахчыван келісімінде нақты белгіленген. Зорлу 2021 жылы Ыстанбұлда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі басшыларының VIII саммитінде бақылаушы мәртебесін алуға қатысты нақты тілдік талаптарды белгілейтін ереже қабылданғанын еске салды.

«Бұл құжатқа сәйкес, Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесін алуға түркі тілдерінің бірін немесе соларға туыстас тілді мемлекеттік не ресми тіл ретінде таныған елдер ғана үміткер бола алады. Бұл ретте аталған тіл елдің жекелеген өңірлерінде ғана емес, бүкіл аумағында ресми іс жүргізу тілі ретінде қолданылуға тиіс.

Сонымен қатар бұл талаптарға сәйкес келмейтін үшінші елдер мен ұйым арасында өзара мүдделер негізінде икемді ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылған. Дәл осы мақсатта өткен жылы TDT Plus («ТМҰ плюс») ынтымақтастық моделі қабылданды», – деп түсіндірді Зорлу.

Ол сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарадағы саммитте атап өткен осы модель аясында ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мақұлдаған үшінші елдермен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізуге болатынын хабарлады. Мұндай келіссөздер сыртқы істер министрлері немесе мемлекет басшылары деңгейінде ұйымдастырылуы мүмкін. Алайда ол үшін ұйымға мүше барлық мемлекеттің ортақ келісімі қажет. Зорлудың айтуынша, Тоқаев атап өткен «ТМҰ плюс» моделі ұйымға кірмейтін мемлекеттермен өзара іс-қимыл жасаудың икемді тетігін қалыптастыруға бағытталған.

«Егер осындай өтініш түссе, бұл мәселе ұйымға мүше барлық мемлекеттің келісімімен, оның стратегиялық мақсаттары мен түркі әлемінің ортақ мүдделері ескеріле отырып, міндетті түрде тиісті тәртіппен қаралады», – деді Зорлу.

Осыған байланысты Күршад Зорлу жаңа бастама көтеріп, Халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен (ТҮРКСОЙ) мәдени ынтымақтастықты қайта жандандыруды ұсынды.

Тоқаев бұған дейін қандай ұсыныс жасады

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын.

Мемлекет басшысы Ресей аумағында ежелден көптеген түркі халықтарының өкілдері тұратынына назар аударды. Ол осы жайтты Ресей мен ұйым арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге негіз болатын факторлардың бірі ретінде атап өтті. Айта кетейік, бақылаушы мәртебесі ұйымға толыққанды мүше болуды білдірмейді. Бұл мәртебе ұйымның ережелеріне сәйкес ынтымақтастықтың жекелеген бағыттарына қатысуға мүмкіндік береді.

Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан мүше. Ұйымның қызметі түркі мемлекеттері арасындағы саяси, экономикалық, көлік, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Қазір Ресейге бақылаушы мәртебесін беру мәселесі әзірге ұсыныс деңгейінде қалып отыр. Оның жүзеге асу мүмкіндігі алдағы келіссөздер мен тараптардың қабылдайтын шешімдеріне байланысты болмақ.

Back to top button