TOP-1Оқиға

Ресейдегі төбелес кезінде Қазақстан азаматтарының ұсталуы – ҚР СІМ тағы не дейді

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Усть-Луга кентінде төбелесіп ұсталған Қазақстан азаматтары жөнінде тың ақпарат таратты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ҚР СІМ НЕ ДЕЙДІ

Тенгриньюс басылымының ҚР СІМ-ге сілтеме жасап таратқан хабарламасына сәйкес, сыртқы саяси ведомство оқиғаға «тұрмыстық сипаттағы жанжал» себеп болғаны айтылады. Сондай-ақ қатысушылар арасында Қазақстан азаматтары болғаны расталған.

“Қақтығысқа қатысқандар ұсталды. Қазір тергеу шаралары жалғасып жатыр. Қолда бар мәліметке сәйкес, Қазақстан азаматтарының арасында ауыр жарақат алған немесе ауруханаға жатқызуды қажет ететіндер жоқ. Оқиға орнындағы жағдай тұрақты және тиісті қызметтердің бақылауында. Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығының қызметкерлері Ресей Федерациясының тиісті органдарының өкілдерімен тұрақты байланыста. Бас консул Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсету және оқиғаның барлық мән-жайын нақтылау үшін оқиға орнына барды”, – делінген хабарламада.

Ал әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтары делінген бірнеше жігітті сүйрелеп әкетіп бара жатқан, жерге басып ұсталған (біреуінің тіпті бұты шешілген) видеолары тарап жатыр. Тараған видеоларда Ресейдің арнайы күштері мен мекеме күзетшілері жұмысшыларды қинап, күш қолданып жатқан көрінеді.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Ресейдің Ленинград облысында Қазақстан азаматтары төбелесті деген ақпарат бұған дейін тараған. Ресей БАҚ-тары 31 адам полицияға жеткізілгенін хабарлайды.

Оқиға Усть-Луга порты маңында болған. Желілерге тараған кадрларда бір топ жас жігіттің шу шығарып, төбелесіп, тас атып жатқаны көрінеді. Артынша жарқылдақ шамдары қосылған көлік жылдамдықпен келіп, бір топ ішіне кіріп, адамдарды тарата бастайды. Осы сәтті түсірген адам көліктің адамдарды қағып кеткенін айтады. Оқ атылған дыбыстар естіледі. Жігіттердің бір бөлігін күштеп көліктерге отырғызып әкеткен.

Желілерге тараған ақпаратқа қарағанда, Қазақстаннан вахталық жұмысқа барған азаматтар жергілікті күзетшілермен төбелесіп қалған көрінеді.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Санкт-Петербург қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы Усть-Луга кентіндегі “Велестрой” компаниясының нысанында Қазақстан азаматтарының қатысуымен болған жанжал туралы ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.

Back to top button