TOP-2Жаңалықтар

Ресейде өртенген Wildberries қоймасы: қазақ кәсіпкері 150 млн теңгенің тауарынан айырылды

Ресейдің Мәскеу облысындағы Коледино ауылында орналасқан Wildberries қоймасына жасалған дрон шабуылынан кейін алапат өрт шықты. Логистикалық орталықта қазақстандық кәсіпкер Айдархан Қасымбектің өзіндік құны 150 миллион теңге болатын тауары сақталған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Қабылдау өте қиын»

Айдархан Қасымбек әлеуметтік желідегі жазбасында Коледино қоймасындағы тауарының түгел жанып кеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Wildberries жүйесіндегі негізгі қоймасы болған.

«16 тамызда, Коледино қоймасы толықтай жанып кетті. Ол жерде өзіндік құны 150 миллион теңге болатын тауарларымыз бар еді. Бәрі толығымен жанып кетті. Мұны қабылдау өте қиын болып тұр», – деді кәсіпкер.

Қасымбектің сөзінше, бір ай бұрын Wildberries қоймаларына алғашқы шабуылдар басталған кезде Колединодағы тауарларының жалпы құны 400 миллион теңгеден асқан. Осыдан кейін кәсіпкер аталған қоймаға жаңа тауар жөнелтуді тоқтатып, қолдағы өнімдеріне жеңілдік жасаған. Соның нәтижесінде қоймадағы тауар көлемін 150 миллион теңгеге дейін азайтқан. Кәсіпкер өнімдерінің бір бөлігін Мәскеудегі FBS жүйесі арқылы және басқа қоймалардан саудалауға көшіргенін де айтты.

Ол серіктестері мен инвесторларының алдында өтелмей қалған ірі қарызы жоғын жеткізді. Қасымбек Wildberries жүйесінде өзіндік құны шамамен 200 миллион теңге болатын өзге тауарлары бар екенін және сауданы жалғастыратынын мәлімдеді.

«Ең бастысы, басымыз аман. Енді әрі қарай жұмыс істеу керек. Wildberries-тегі жұмысымызды мұнымен тоқтатып қоймаймыз. Мүмкін, бұдан кейін тағы бір үлкен серпіліс жасайтын шығармыз деген сенім бар», – деді ол.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Aidarkhan Kassymbek | WB ЭКСПЕРТ | ИНВЕСТОР (@kassym.qazaq)

Wildberries қоймаларына шабуыл

Украина күштері 2026 жылдың шілдесінен бері Ресей аумағындағы Wildberries логистикалық орталықтарына дрондармен жүйелі түрде соққы жасап келеді. Алғашқы ірі шабуылдар 18 шілдеде Мәскеу облысындағы Электросталь мен Тамбов облысындағы Котовск қоймаларында тіркелді.

Одан кейін Санкт-Петербург маңындағы Новосаратовка, Симферополь, Пенза, Сарапул, Самара және Владимир облысындағы логистикалық орталықтар кезек-кезек шабуыл нысанасына айналды. Бірқатар нысанда ірі өрт шығып, қоймалардағы тауарлар жойылды. Wildberries кей орталықтағы қызметкерлерін эвакуациялап, тауар қабылдау мен тапсырыс жөнелтуді басқа қоймаларға ауыстыруға мәжбүр болды.

4 тамызда Украина қарулы күштерінің ұшқышсыз жүйелер күштерінің қолбасшысы Роберт Бровди Ленинград облысындағы Красный Бор логистикалық орталығына жасалған соққыны растаған. Ол сол кезде 18 күн ішінде Wildberries-тің 15 нысанасына шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Euronews дерегінше, олардың 13-інде өрт шыққан.

Ал AP агенттігінің мәліметінше, бір ай ішінде Wildberries-тің Ресейдегі жиырмаға жуық ірі қойма кешені соққыға ұшыраған. Украина тарапы бұл нысандар Ресейдің әскери логистикасы мен қос мақсатта пайдаланылатын тауарларды жеткізу жүйесіне қатысы бар деп есептейді. Ресей билігі мен компания оларды азаматтық сауда инфрақұрылымы деп көрсетеді.

16 тамыздағы кезекті жаппай дрон шабуылы кезінде Мәскеуден шамамен 45 шақырым жерде орналасқан Коледино қоймасы өртенді. Reuters жариялаған кадрларда логистикалық орталық аумағынан қою түтін көтерілгені көрінеді. Бұл нысан Wildberries-тің Ресейдегі ең ірі әрі негізгі тарату орталықтарының бірі саналады.

Back to top button