TOP-2Жаңалықтар

«Ресей бізді ұмытып кетті»: Қазақстан азаматы делінген ер адам Украинада тұтқында жүріп үндеу жасады

Украиналық “Хочу жить” жобасы Қазақстан азаматы делінген ер адамның Ресей күш құрылымдарына үндеуін жолдады. Перевозчиков Николай Викторович атты азамат (видеода солай делінген) Ресей тарапы Украинамен тұтқындарды алмасқан кезде Ресей үшін соғысқан шетел азаматтары шет қалатынын айтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Видеода есімі Перевозчиков Николай Викторович деп көрсетілген адам Орталық Азия елдері атынан Ресейдің федералды қауіпсіздік қызметіне (ФҚҚ – ФСБ) жүгінген. Ол үндеуінде әскерилерді алмастыру кезінде біртүрлі жайтты байқаған: Ресей тарапы шетел азаматтарына сұрау салмаған.

“Менің осында жүргеніме 2 жыл болды. Менен осы жаққа ерте және кеш келгендер бар. Бірақ шетел азаматтары тұтқындар алмасқанда шет қалады. Соған қарамастан, осында жүрген азаматтарды Ресейдің өзі шақырып алған. Ресей бізді ұмытып кетті, айырбастау кезінде алмайды. Менің ұлтым орыс. Мен осы жақта болғалы бері Ресей тарапы бірде-бір шетел азаматын алып кеткен жоқ”, – дейді ол.

«Просто журналистика» жобасына берген сұхбатында Украинаның «Хочу жить» мемлекеттік жобасының үйлестірушісі Тамара Курушкина бұған дейін Ресей жағында Қазақстанның екі мыңға жуық азаматы соғысып жүргенін мәлімдеген еді. 

Back to top button