Жаңалықтар

Ресей билігі Павел Дуровқа халықаралық іздеу жариялады

Telegram әкімшілігі террорлық әрекеттер мен диверсияларды үйлестіру үшін пайдаланылатын көптеген арналар, чаттар мен боттарды өшірмеген.

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровқа терроризмге жәрдемдесті деген айып тағылғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, оған Ресей Қылмыстық кодексінің 205.1-бабының 1.1-бөлігі бойынша айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған. Бұл туралы Tizgin.kz порталы Интерфакс сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

ФҚК: Telegram терроризмге қатысы бар арналарды жоймай отыр

ФҚК мәліметінше, Telegram әкімшілігі террорлық әрекеттер мен диверсияларды үйлестіру үшін пайдаланылатын көптеген арналар, чаттар мен боттарды өшірмеген.

Арнайы қызметтің мәлімдеуінше, бұл ресурстарды Украина арнайы қызметтері, сондай-ақ Ресейде террористік және экстремистік деп танылған ұйымдар диверсиялық-террористік әрекеттерді ұйымдастыру, жаппай кісі өлтірулерді үйлестіру және кибералаяқтық жасау үшін қолданады.

ФҚК мұндай әрекеттердің салдарынан көптеген адамның, оның ішінде әйелдер мен балалардың қаза тапқанын және миллиардтаған рубль көлемінде материалдық шығын келгенін алға тартты.

Telegram-ға Ресей заңнамасының талаптарын орындамай отыр

10 ақпанда Ресейдің Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияларды қадағалау қызметі (Роскомнадзор) Telegram-ның Ресей заңнамасының талаптарын әлі де орындамай отырғанын мәлімдеді.

Ведомство осыған байланысты өткен жылдың тамыз айынан бері енгізілген шектеулер сақталатынын айтып, олардың мақсаты Ресей заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету және азаматтарды қорғау екенін жеткізді.

Telegram-ға 100 миллион рубльден астам айыппұл салынған

«Интерфакс» агенттігінің құқық қорғау органдарындағы дереккөзіне сүйенсек, биылғы жылдың басынан бері Telegram-ға Ресейде жалпы сомасы 100 миллион рубльден асатын айыппұл салынған.

Айыппұлдардың басым бөлігі Ресейде тыйым салынған контентті уақытылы жоймағаны үшін тағайындалған.

Кремль Telegram-пен байланыс бар екенін айтты

Дүйсенбі күні Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Telegram қызметінің Ресейдегі жұмысын қалпына келтіру мәселесі бойынша байланыстар жалғасып жатқанын айтты.

Алайда оның сөзінше, мессенджер өкілдері бұл бағыттағы келіссөздерде айтарлықтай белсенділік танытып отырған жоқ.

Back to top button