Ресей армиясынан Қазақстанға қашып келген азаматтың ісі бойынша сот шешімі шықты
Ресей қарулы күштеріндегі қызмет орнын тастап кетіп, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен шетел азаматы сотталды. Оған елден шығару жазасы тағайындалып, Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Оралдан Таразға барып, басқа елге кетпек болған
Сот оның Ресей қарулы күштерінде әскери қызмет өткергенін, 2025 жылдың шілдесінде қызмет орнын өз бетімен тастап, Ресейдің құзырлы органдарынан жасырынып жүргенін анықтаған. 2026 жылдың мамырында Ресейден кету мақсатымен электрондық карталар арқылы жер жағдайын зерттеп, Қазақстанға шекарадан заңсыз өту бағытын жоспарлаған. Кейін белгіленген өткізу пунктінен тыс жерден шекаралық бақылаудан өтпей Қазақстан аумағына кірген.
Шекарадан өткен азамат Орал қаласына жеткен. Одан кейін Жамбыл облысының Тараз қаласына барып, сол жерден басқа мемлекетке кетуді көздеген. Алайда оны Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ұстаған. Істі Бөкей ордасы аудандық соты қараған. Сот отырысында азамат кінәсін толық мойындап, бұл әрекетке мәжбүр болғанын ескеруді сұраған. Сондай-ақ бас бостандығынан айырмауды, Қазақстаннан шығармауды және рақымшылық қолдануды өтінген.
Айыппұлдан босатылғанымен, елден шығарылады
Сот азаматты Қылмыстық кодекстің 392-бабының бірінші бөлігі бойынша мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп таныған. Оған 865 мың теңге айыппұл салынып, Қазақстан аумағынан шығару және елге бес жыл бойы кіруге тыйым салу жазасы тағайындалған.
Рақымшылық туралы заң негізінде азамат негізгі жаза – айыппұл төлеуден босатылған. Алайда елден шығару және Қазақстанға қайта кіруге тыйым салу жазалары сақталған. Сот актісі заңды күшіне енген.