TOP-2ЖаңалықтарПікір

«Қызымның қырық күндігінен кейін Әділет басқа қыздың суретін көрсетті» – Ұлдананың анасы

Марқұм реабилитологдәрігер Ұлдана Мырзуанның анасы мен суған сіңлісі алғаш рет сұхбат берді. Ұлдананың қырық күндігі өткен соң Әділет әлдебір қыздың суретін көрсетіп, бұрынғы жарына ұқсайтын-ұқсамайтыны туралы сұраған. Бұл туралы Ұлдананың анасы журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Жылдығы өткен соң да рұқсат берер едік»

«Негізгі кикілжін көлікке, ақшаға қатысты болған жоқ. Қызымның 40 күндігі өткеннен кейін Ұлданадан кейінгі ұлыма Әділет бір қыздың суретін телефоннан көрсетіп «Қарашы, бұл қыз Ұлданаға ұқсай ма?» деп сұраған. Ұлым ол сөзді көңіліне алып қалған. Балам көңіл-күйсіз жүрді, себебін сұрап едім «Бір нәрсе айтсам, ренжімейсіз бе? Әділет маған бір қыздың суретін көрсетіп, Ұлданаға ұқсайтын-ұқсамайтынын сұрады. Оны менен не үшін сұрайды? Ұлдананың 40 күндігі өткеніне көп болған жоқ қой. Ол түбі үйленетінін білеміз, жылдығы өткен соң онсыз да рұқсатын береміз ғой» деді. Мен оған «Әділеттің де мен сияқты жаны жай таппай жүрген шығар. Әр қызды Ұлданаға ұқсатып жүрген болар. Оны көңіліңе алма» деп басу айттым. Қызымның 40 күндігі 27 желтоқсанда болды. Мен ақпан айында ауылға кеттім. Сол кезде қызым Әділеттің көліктің алдына бір қызды отырғызып алғанын көрген», – дейді Ұлдананың анасы.

«Ұлдананың көлігінің алдында бір қыз аяғын көтеріп отырды»

Ұлдананың сіңлісі бұл туралы толығырақ айтып берді.

«Мен жаттығудан шыққан кезде Әділет біздің ауданда жүр екен. Мен Ұлдананың көлігін бірден таныдым. Мен бағдаршамның сары түсінен өтіп кетіп, олардың артынан барып, сигнал бердім. Көлікке қараған кезде Әділет көлікте отыр, қасындағы қыз алдыңғы орында аяғын көтеріп отыр», – дейді ол.

Ұлдананың анасы Әділетке жазған соңғы хабарламасы туралы айтты.

«Әділетке «Егер үйленіп жатсаң, әйеліңді өзім батамды беріп, бауырыма бассам, оны менің балаларым сіңлісі, бауырындай қабылдаса» деп ойлағам. Мұның бәрі бос қиял болып қалған екен ғой» деп жаздым. Менің өтінішім, Әділет жәбірленуші статусынан бас тартсын. Ол отбасын құрды, енді әйелімен бақытты болсын. Мені сыйласа солай етсін», – дейді Ұлдананың анасы.

Оқиға желісі

Еске салсақ, 2025 жылдың 30 қыркүйекте Ұлдана Мырзуан реабилитолог-дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан. Екеуі 8 жыл көңіл жарастырып жүрген еді.

8 қарашада Астанада тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, астында бірнеше тұрғын қалып қойған. Көмекке жедел жәрдем бригадасы, оның ішінде фельдшер Ұлдана Мырзуан жеткен. Құтқару жұмысы барысында ғимараттан кондиционер қондырғысы құлап, Ұлдана мен тағы бір фельдшердің басына тиді. Жалпы оқиға салдарынан 5 адам жарақат алды.

Ұлдана 10 күн бойы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатты. Дәрігерлер оны құтқарып қалу үшін бар күшін салғанмен, 18 қараша күні 23 жастағы Ұлдана Мырзуан көз жұмды. Сол күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.

Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде ажал құшқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне қалалық жедел медициналық көмек станциясы ғимаратына мемориалдық тақта орнатылды. Оның ашылу рәсіміне Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ишанқұлқызы, марқұмның туыстары мен жедел медициналық көмек станциясының қызметкерлері қатысты.

«Ұлымды қайғы жеп барады»

Марқұм реабилитолог-дәрігер Ұлдана Мирзуанның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел мен анасы алғаш рет сұхбат берген болатын.

«Ал Әділеттің туыстары ол тезірек есін жиып, өзіне келгенін қалады. Ол қараша айынан бастап 3 ай жұмыс істемеді. Ол ауырып, қайғы жеп бара жатқанын Ұлдананың анасы да біледі. Біз оның адамдармен араласып, жақсы әйелмен танысқанын, ел қатарлы өмір сүргенін қаладық. Ол сәуір айынан бастап беті бері қарай бастаған кезде біз қуандық», – деді Әділеттің анасы.

Back to top button