TOP-2Оқиға

«Қызымды кастетпен ұрып, жансақтау бөліміне түсірді». Таразда оқушы қыздар тергеуге ілінді

Тараз қаласында №51 мектептің 9-шы сынып оқитын қызды көшеде жеті қыз сабап кеткен. Зардап шеккен қыздың анасы тіпті баласын кастетпен ұрып кеткенін айтады. Қыз ауыр жарақат алып, екі күн бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Бұл туралы әуелі egovpress хабарлады.

Туыстарының мәліметінше, соққыдан кейін мектеп оқушысы өздігінен жүре алмай қалған. Сондай-ақ олар оқиға бейнежазбаға түсіп қалғанына қарамастан, күдіктілердің әлі күнге дейін бостандықта жүргенін айтады. Бұдан бөлек, зардап шеккен қыздың отбасына төбелеске қатысқан қыздардың туыстары тарапынан қоқан-лоқы жасалып жатқаны да айтылған.

Полиция не дейді

Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

«Төбелеске қатысқан барлық тұлғалар анықталып, полицияға жеткізілді. Кәмелетке толмаған қыздардың ата-аналары балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция.

Сонымен қатар жасөспірімдердің әрекеті кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралған. Оның нәтижесінде төбелеске қатысқан қыздар профилактикалық есепке алынған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.

Back to top button