Жаңалықтар

Қызмет сапасы мен құнына шағым көп – министр жеке емханалар қалай бақыланатынын айтты

Қазақстанда жекеменшік емханалардың қызмет құны мен медициналық көмектің сапасына қатысты шағым көп. Осы мәселеге қатысты Tizgin.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сұрақ қойды.

«Елде жекеменшік емханаларда қызмет құнының қымбат болуына шағым айтып жататындар көп. Әр қабылдаған сайын алатынына, сөйте тұра қызмет сапасына шағым айтатындар да бар. Осы мәселені қаншалықты бақылауға алып отырсыздар?» деп сұрады тілші министрден.

Ақмарал Әлназарова мәселенің өзекті екенін айтып, жекеменшік медициналық ұйымдар көрсететін қызмет сапасы мемлекет бақылауында екенін жеткізді. Министрдің айтуынша, кейінгі екі жылда еліміздегі стоматологиялық кабинеттерге ауқымды тексеру жүргізілген.

«Негізі жекеменшік сектордағы емдеу мекемелерінде көрсетіліп жатқан қызметтің сапасы міндетті түрде біздің бақылауымызда. Кейінгі екі жылда Қазақстан бойынша стоматологиялық кабинеттердің бәрін тексеріп шықтық. Оңай болған жоқ. Сонымен қатар олардың 200-ден астамы жабылды. Өз еркімен лицензияларын қайтарған жағдайлар да болды», – деді министр.

Әлназарованың сөзінше, медициналық ұйымдарды бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Қазір цифрлық ақпараттық жүйелер арқылы мекемелердің лицензиясы мен мамандар сертификаттарының талаптарға сәйкестігін қашықтан тексеруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар азаматтардан түскен арыз-шағымдарды дер кезінде қарау және тиісті тексерулер жүргізу жұмыстары қолға алынған.

Емхана бағасына МӘМС әсер етті ме

Tizgin.kz тілшісі министрден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің жекеменшік емханалардағы қызмет құнының қымбаттауына ықпалы бар-жоғын да сұрады.

Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесімен қамтылған азаматтардың үлесі жыл сайын артып келе жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде бұл көрсеткіш 88 пайызға жеткен. Сонымен қатар осы бағыттағы шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 800 мыңға жуық азамат МӘМС жүйесі арқылы медициналық қызмет ала бастаған.

Ал жекеменшік емханалардағы қызмет бағасының қымбаттауына қатысты министр оның нарық арқылы қалыптасатынын айтты.

«Жекеменшік емханалардағы бағаларды нарық өзі реттейді. Сондықтан олар нарыққа шығарылды. МӘМС жүйесінің емханалардағы қызмет құнының қымбаттауына қатысы жоқ деп санаймын», – деді Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ министр медициналық және фармацевтикалық бақылау бағыттарының екі бөлек комитетке бөлінгенін де атап өтті.

Еске салсақ, Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы баланың әкесі мен хирургтың арасындағы жанжал жөнінде пікір білдірген еді.

Back to top button