Жаңалықтар

Қытай Қазақстанға өз өндірісіндегі алғашқы ірі газ турбинасын жөнелтті

Қытай Қазақстанға елде дербес әзірленген алғашқы ірі қуатты F-класты газ турбинасын жөнелтті. Қуаты 50 МВт болатын G50 турбинасы еліміздегі энергетикалық жобалардың бірінде электр энергиясын өндіруге пайдаланылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақстанға үш газ турбинасы жеткізіледі

G50 газ турбинасын Dongfang Turbine Co., Ltd. компаниясы шығарған. Алғашқы агрегат Қытайдың Сычуань провинциясындағы Дэян қаласынан Қазақстанға жөнелтілді.

Бұл жеткізілім 2025 жылғы қарашада жасалған келісімшарт аясында жүзеге асырылып отыр. Құжатқа сәйкес, Қазақстандағы энергетикалық жобаға барлығы үш G50 турбинасы берілуге тиіс.

Аталған келісім Қытайда дербес әзірленген F-класты газ турбиналарын шетелге шығару жөніндегі алғашқы тапсырыс саналады.

Dongfang Turbine компаниясы бас директорының орынбасары Ли Хэнің айтуынша, өндіруші турбиналардың бүкіл пайдалану мерзімі бойы кешенді сервистік қызмет көрсетеді. Сонымен қатар ауа қабылдау және ротор жүйелері секілді бірқатар бөлшек Қазақстанның жергілікті жағдайына бейімделіп жасалады.

F-класты турбинаның ерекшелігі неде?

F-класты газ турбиналары шамамен 1400 градус температурада жұмыс істейді. Мұндай жабдықты әзірлеу үшін ыстыққа төзімді қорытпалар, жоғары дәлдіктегі құю және аэродинамика салаларын қоса алғанда, 100-ден астам бағыт бойынша технологиялық құзырет қажет.

Dongfang Turbine ұлттық зертханасының басшысы Фан Юйдің мәліметінше, Қытай ауыр газ турбиналарын шығару көлемін біртіндеп ұлғайтып келеді. Елде дербес әзірленген модельдердің қуаты қазір 550 МВт-қа дейін жетеді.

Газ турбиналарына әлемдік сұраныстың артуына жасанды интеллектке қызмет көрсететін дата-орталықтардың электр энергиясын көп тұтынуы және жаһандық энергетика құрылымындағы өзгерістер әсер етіп отыр.

Цзяотун университетінің профессоры Фэн Чжэньпин Қытай өндірушілерінің халықаралық нарықтағы мүмкіндігі арта түседі деп есептейді. Бұған толық қалыптасқан өндірістік тізбек, жабдықты жедел жеткізу және бағаның бәсекеге қабілетті болуы ықпал етпек.

Back to top button