Бүгін Бішкектің Первомай аудандық сотында Қырғызстан ҰҚМК-ның бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевке қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұған дейін Бас прокуратура айыптау актісін бекітіп, іс материалдарын сотқа жолдаған болатын.
Адвокат Икрамидин Айтқұловтың сөзінше, Қамшыбек Тәшиевке билікті күшпен басып алуға дайындалу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айып тағылған. Іс бойынша онымен бірге тағы бірнеше адам өтеді.
Қылмыстық іске «құпия» деген гриф берілгендіктен, сот отырыстары жабық режимде өтеді. Процесс қатысушыларына тергеу материалдары мен сот талқылауының егжей-тегжейін жариялауға тыйым салынған.
Еске салсақ, бұған дейін президент Садыр Жапаров Қамшыбек Тәшиевтің «75-тің хатына» ықтимал қатысы бар-жоғын тергеу мен сот анықтауы тиіс екенін мәлімдеген еді.