Құрылтайдың ресми сайты іске қосылды

Қазақстан Республикасы Құрылтайының quryltai.kz ресми сайты жұмысын бастады. Жаңа интернет-ресурс арқылы азаматтар Құрылтай мен оның депутаттарының қызметі, қаралып жатқан заң жобалары және алдағы іс-шаралар туралы ресми ақпарат ала алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Заң жобалары мен депутаттар қызметі жарияланады
Ресми сайтта Құрылтайдың жұмысына қатысты өзекті ақпараттар тұрақты түрде жарияланып отырады. Атап айтқанда, мұнда депутаттардың қызметі, заң жобаларының мәтіндері, алдағы іс-шаралар туралы анонстар мен талдамалық материалдар орналастырылады.
Осылайша, quryltai.kz Құрылтайда қаралып жатқан бастамалар мен заң шығару үдерісін бақылауға мүмкіндік беретін негізгі ресми ақпарат көздерінің біріне айналмақ.
Сайттың іске қосылуы азаматтарға депутаттардың жұмысы мен Құрылтай күн тәртібіндегі мәселелер туралы ақпаратты бір жерден алуға мүмкіндік береді.
Құрылтай отырыстары онлайн көрсетіледі
Жаңа платформаның тағы бір мүмкіндігі – Құрылтай отырыстарының онлайн-трансляциялары. Пайдаланушылар отырыстарды тікелей эфирден көріп, кейін жарияланған фото және бейнематериалдармен де таныса алады.
Құрылтай қызметіне қатысты ресми жаңалықтар мен басқа да ақпарат quryltai.kz сайтында, сондай-ақ заң шығарушы органның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында жарияланып отырады.