«Құр сөз боп қалмасын»: Бектенов Сауранбаевқа ескерту жасады
Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аудару керек.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050-ші жылға қарай жолаушылар саны жылына 12 миллиардтан асатынын, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі 2034-ші жылға қарай екі есеге артатынын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Мұндай жағдайда біз әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнымызды иеленуіміз керек. Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте, билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн», – дейді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Осыған орай ол Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа жыл соңына дейін Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027-ші жылы – Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашуды тапсырды.
«Инвесторлар мен туристерді тартамыз десек, бұл – өте маңызды мәселе. Құр сөз болып қалмасын», – деді ол.