Жаңалықтар

ҚТЖ мал жаю ережесін бұзғандарға айыппұлды екі есе арттыруды ұсынды

«Қазақстан темір жолы» теміржол маңында мал жаю ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлды екі есе арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Айыппұлды қаншаға арттыру ұсынылды

ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдан бастап бұл құқық бұзушылық үшін ескерту беру тоқтатылған. Қазір ережені алғаш бұзғандарға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал қайталап бұзғандарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Компания айыппұлды алғаш рет ереже бұзғандарға 10 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталағандарға 20 АЕК-ке дейін арттыруды ұсынып отыр.

Пойыздардың мал басу дерегі азайған

2026 жылдың тоғыз айында пойыздардың малды басып кетуіне байланысты 584 оқиға тіркелген. Былтыр осы кезеңде 648 жағдай болған. Оқиғалар саны азайғанымен, компания жағдайдың әлі де күрделі екенін атап өтті.

ҚТЖ әкімдіктермен және көлік полициясымен бірлесіп, мал иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Жыл басынан бері 1,3 мыңға жуық кездесу өтіп, оған шамамен 34 мың адам қатысқан. Сонымен қатар 52 мыңнан астам мал иесі мал жаю және жануарларды теміржол арқылы айдап өту ережелерімен таныстырылған. 378 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button