QR-код арқылы алаяқтық: полиция маңызды ескерту жасады
Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін немесе банк карталарының реквизиттерін қолға түсіруге тырысады.
Қазақстанда алаяқтар көшеде орналасқан QR-кодтарды пайдаланып, азаматтарды алдауы мүмкін. Бұл туралы полиция ескерту жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қаскөйлер түпнұсқа QR-кодтардың үстіне жалған QR-кодтарды жапсырып, пайдаланушыларды қауіпті сайттарға бағыттауы ықтимал. Көшелерде, автобус аялдамаларында, тұрғын үйлердің кіреберістерінде немесе жарнамалық тақталарда орналасқан QR-кодтарды сканерлемес бұрын олардың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет.
Мұндай сілтемелердің мақсаты әртүрлі болуы мүмкін. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін немесе банк карталарының реквизиттерін қолға түсіруге тырысады. Көп жағдайда адамдар төлемді тиісті жерге жасап жатырмын деп ойлайды, алайда ақша алаяқтардың есепшотына түсіп кетеді.
Полиция күмәнді QR-кодтардың негізгі белгілерін атады:
- QR-код басқа жарнаманың немесе хабарландырудың үстіне жапсырылған;
- хабарландыру ресми талаптарға сай рәсімделмеген;
- «Сыйлық алыңыз», «Тек бүгін», «Шұғыл түрде сканерлеңіз» сияқты асықтыратын үндеулер қолданылады;
- ұйымның атауы немесе байланыс деректері көрсетілмеген.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін полиция мынадай кеңестер береді:
- қажет болмаса, белгісіз QR-кодтарды сканерлемеңіз;
- сілтемеге өтпес бұрын сайттың мекенжайын мұқият тексеріңіз;
- күмәнді сайттарда жеке мәліметтеріңізді, банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген растау кодтарын енгізбеңіз;
- белгісіз қосымшаларды жүктемеңіз және оларға қосымша рұқсаттар бермеңіз;
- төлем жасар алдында QR-кодтың ресми ұйымға тиесілі екеніне көз жеткізіңіз.
«Егер күмәнді QR-кодты сканерлеп, жеке немесе қаржылық деректеріңізді енгізіп қойған болсаңыз, дереу банкке хабарласып, банк картаңызды бұғаттаңыз», – деп кеңес берді құқық қорғау органдары.