Қостанайдағы көлге аққулар қонды
25 мамыр күні «Тарелочка» көліне Қазақстанның оңтүстігіндегі көшеттіктен әкелінген екі сыбырлақ аққу жіберілді.
Салтанатты шараға дәстүрлі ленталарын таққан мектеп түлектері қатысты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы «Костанайские новости» сайтына сілтеме жасап.
«Әуежай» шағын ауданындағы көл маңында №32 мектеп пен Ә.Бөкейхан атындағы мектеп орналасқан. Әдетте соңғы қоңырау күні оқушылар көгершін ұшырса, бұл жолы түлектер айдында жүзген аққуларды тамашалады.
Бұл шараға Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев қатысты. Қостанай әкімі бұған дейін көлді кең көлемде тазалау және тереңдету жұмыстарын бастаған болатын. Қыс мезгілінде «Тарелочка» көлінен мыңдаған текше метр шөгінді, қамыс және қоқыс шығарылды. Жүндібаев аққуларды көлге қондыру идеясын ұсынған еді. Жобаны DK Alliance LLC қолдады. Құстарға арналған суға үйшік орнатылды, енд3 олардың бейімделуі бақыланады.
Сыбырлақ аққулар адамдардың жанындағы өмірге жақсы бейімделеді және көбінесе бір су айдынында көптеген жылдар бойы қалады. Егер құстардың тамағы, тыныштығы және ашық суы жеткілікті болса, олар тез арада сол жерге үйреніп, оны өздерінің тұрақты мекені ретінде қабылдай алады.