TOP-2Жаңалықтар

Әскерден жалтарғандарға жаңа шектеулер енгізіледі

Қазақстанда әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінде өткен ведомствоаралық кеңесте айтылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мәселе азаматтарды әскери қызметке шақыру жүйесін жетілдіру және мемлекеттің жұмылдыру әлеуетін күшейту аясында көтерілген. Қорғаныс министрлігі бастама шеңберінде әскери міндеттен жалтарып жүрген тұлғаларға қатысты нақты тетіктерді қарастырып жатыр. Аталған шаралар уақытша сипатта болатыны және тек қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асатыны атап өтілді. Яғни, енгізілетін шектеулер азаматтардың құқықтарын бұзбай, заң талаптарына толық сай болады.

«Біріңғай шақырту тізілімін енгізу хабарлау жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз азаматтарды уақтылы әрі толық ақпараттандыруды қамтамасыз ететін, сондай-ақ олардың конституциялық міндетін орындауын жүйелі түрде қолдайтын заманауи цифрлық тетікті қалыптастырамыз», – деді Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – азаматтардың Отан алдындағы конституциялық міндетін орындауын қамтамасыз ету және әскерге шақыру жүйесінің тиімділігін арттыру. Сонымен қатар, билік әскери міндетті орындау тәртібін күшейту арқылы елдің қорғаныс қабілетін нығайтуды көздеп отыр.

Қорғаныс министрлігі бұл бағыттағы жұмыстарды басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыратынын жеткізді.

Сондай-ақ мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мәселелері қаралған. Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметшілердің ай сайынғы қаржылай қажеттілік үлесін арттыру және әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіру мәселесін пысықтауды ұсынады.

Back to top button