Қожамжаровқа ешқандай айып тағылған жоқ – бас прокурор

Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов бұрынғы бас прокурор әрі антикорды басқарған Қайрат Қожамжаровқа ешқандай айып тағылмағанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ақордада журналистер Берік Асыловтан Мақсат Дүйсенов пен Қайрат Қожамжаров жөнінде сұрақ қойған. “Қазақстанның бас прокуратурасы Мақсат Дүйсенов бойынша ресми өтінімге жауап жолдады ма?” деген сұраққа Асылов “әзірге жоқ” деп жауап берді. Сондай-ақ”Қайтар Қожамжаров тергеліп жатыр ма?” деген сұраққа да жауапты қысқа қайырды.
“Істердің бәрі факттар бойынша қозғалды. Ал айып тағылып отырған жоқ (Қожамжаровқа – Tizgin.kz)” – деді Асылов.
Прокуратура былтыр Қайрат Қожамжарқа байланысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, сондай-ақ ол басшылық лауазымдарда болған әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлаған еді. Барлық қылмыстық істер бойынша арнайы прокурорлардың жетекшілігімен жедел-тергеу топтары құрылғаны сол тұста белгілі болған.
Қожамжаров жайлы
Қайрат Қожамжаров Назарбаев тұсындағы ықпалды күштік құрылым өкілдерінің бірі болған. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы отставкаға кеткен күні Қожамжаров сенат депутатына айналған. Оған дейін екі жыл бас прокурор қызметін атқарды. Жемқорлыққа қарсы түрлі құрылымдарға жетекшілік етті. Президенттің кеңесшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған. Ақмола облысын басқарған.
2023 жылдан бері мемлекеттік қызметте емес. Кейінгі кезде оның айналасындағы бірқатар адамның үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы жетекшісі Талғат Татубаев екі айға қамалған. Былтыр шілдеде арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі Олеся Кексель азаптау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған.