TOP-1Пікір

Ойын ережесі қайта жазылып жатыр, кімнің кім екенін енді көреміз — сарапшы

Халықаралық саясаттанушы Жанат Момынқұлов “Аманат” партиясының “Әділет” партиясына қосылуы жайлы пікірін желіге жазды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Аты дардай АMANAT-тың бөпе партия “Әділетке” қосылуын сарапшы саяси жүйедегі ирониялық өзгеріс деп атайды.

“Ашығы сол, бұл бірігуден гөрі, қосылу. Бірақ қосылғанда, Әділеттің өзі кеше ғана туып, 1 маусымда ғана метіркесі тіркелген нәресте. Саясатта рөлдер қайта бөлініп жатыр. AMANAT – саясат теоретигі Дж.Сартори айтқан классикалық “билік партиясы” (Dominant party, Hegemonic party system) болды. Бірақ оның басты проблемасы — өткеннің жүгін арқалауы еді. Аманат жаманат болды. Бірақ саяси жүйе ол партияның ресурсын сақтап, саяси мағынасын “Әділет” брендімен қайта құруға тырысады. Бұл — легитимділікті қаптау талпынысы; қоғамдағы “әділет” сұранысын институттандыру әрекеті. Құрылым жасарып ғана емес, мәні де өзгеретін түрі бар”, – дейді ол.

Жанат Момынқұловтың сөзінше, “Әділет” не үшін құрылғаны енді түсінікті. Бұл қоғамның көкейіндегі “әділет, жаңару” сұранысына жауап.

“Демек, бұл жолы тек “ре-структуризация” болмауы керек, қоғам күткен нақты өзгеріс керек. Ең бастысы, саяси элитаның мінез-құлқы, ниеті өзгеруі қажет. Жаңаратын элитаның халықпен байланысы аса маңызды.

Қоғамның партиялық мәдениеті төмендеу, тіпті жоқтың қасы. Сондықтан, екі центрист партияны бір-біріне жабыстырып, дәу партия жасапты. Енді оларға қарсы баланс сақтайтын қалған партияларды да жасартып, ірілендіріп, “лайықты қарсылас” жасасын. Әйтпесе, ескі әдіске салып, ертең “Республика, Ақ Жол, Ауыл” партиялары “біз де президенттің саясатын қолдаймыз” деп тұрмасына кепіл бар ма? Егер солай десе, әділ жолмен бәрін “Әділетке” қоса салу қисынды болар еді??!! “Күрделі геосаяси заманда” үлкен консолидация керек болса…” – дейді ол.

Егер осы саяси реформаның мазмұны өзгеріп, өзгеше болса, алдағы жылдарда партия жүйесінде басқарылатын бәсеке де орын ала жатар. Сарапшы егер, екі партия қосылып тек атауы өзгерсе – бұл қоғамдық апатия туғызып, алдағы кезеңде жүйеден тыс саяси белсенділік артады дейді.

“Не десек те, Қазақстан жаңа саяси кезеңге өтті. Қоғам болып түсініксіз бір трансформациядан өтіп жатырмыз. Қазір сол ойынның ережесі қайта жазылып жатыр. Кімнің кім екенін көретін сияқтымыз”, – дейді Жанат Момынқұлов.

“Amanat” партиясы күні кеше “Әділетпен” бірікті. Партияның съезінде осындай шешім қабылданды.

Back to top button