Геосаясат

Қазір Түркия Еуропаға емес, Еуропа Түркияға мұқтаж – Ердоған

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Анкарадағы министрлер кабинеті отырысынан соң мәлімдеме жасады. Ол соңғы 12 айда экспорт көлемі алғаш рет 275,8 миллиард доллардан асқанын айтып, Еуропалық Одақпен қарым-қатынасқа да тоқталды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІ РЕКОРДҚА ЖЕТТІ

Ердоғанның сөзінше, сәуір айында экспорт жылдық есеппен 22,3 пайызға өсіп, 25,4 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. aa.com.trt мәліметінше, қаңтар-сәуір аралығында экспорт көлемі 88 миллиард 630 миллион долларды құрады.

Президенттің айтуынша, соңғы 12 айда экспорт көлемі алғаш рет 275,8 миллиард доллардан асып, республика тарихындағы рекордтық көрсеткішке жеткен.

«Экспорт құрылымына үңілсек, көп нәрсеге үміт сыйлап отыр. Біздің экспорт 166 ел мен аймаққа артты. Барлық 26 салада өсім бар. Салалар рейтиңінде 3,9 миллиард доллармен автокөлік жасау өнеркәсібі көш бастап тұр. Екінші орында – 3,1 миллиард доллармен химия өнімдері, үшінші орында – 1,8 миллиард доллармен электроника және электротехника, ал төртінші орында – 1 миллиард 451 миллион доллармен дайын киім өнеркәсібі. Сонымен қатар қорғаныс және авиация саласындағы экспорттың 962 миллион долларға жетуі де маңызды көрсеткіш. Осылайша, жылдың алғашқы төрт айында бұл бағытта 28 пайыз өсімге қол жеткіздік», – деді президент.

Ол Түркияның әлеуеті бұл көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.

«Экспортты ынталандыру және экспорттаушыларды қолдау арқылы бұдан да жоғары нәтижелерге жетуге болады», – деп қосты Ердоған.

ТУРИЗМ ДЕ ІЛГЕРІЛЕП ТҰР

Президент туризм саласындағы рекордтық көрсеткіштерге де назар аударды. Оның айтуынша, қақтығыстар мен геосаяси шиеленістерге қарамастан, Түркия өңірдегі ең қуатты әрі тұрақты мемлекет болып қала береді.

Ердоған өткен жылы туризм саласы 64 миллион турист пен 65,2 миллиард доллар кіріспен аяқталғанын еске сала отырып, нақты деректер келтірді:

«Салаға кері әсер еткен түрлі қиындыққа қарамастан, биылғы бірінші тоқсанда туризм кірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға өсіп, 9 миллиард 896 миллион долларға жетті. Осы кезеңде туристер саны да 4,2 пайызға артып, 9 миллион 219 мың адамды құрады. Бірінші тоқсанда шетелдік туристердің бір түнге шаққандағы орташа шығыны 116 доллардан 119 долларға дейін өсті».

ЕУРООДАҚПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Еуропалық Одақ пен қарым-қатынасқа тоқталған ол, өкінішке қарай, Одақтың Түркияға қатысты стратегиялық екіұдай ұстанымы оның көптеген институтында әлі де сақталып отырғанын айтты.

«Түркия толыққанды мүше болып саналмайтын Еуропалық Одақтың жаһан көлемінде негізгі “ойыншыға” айнала алмайтынын түсінетін уақыт жетті», – деді ол.

Оның пікірінше, ЕО Түркияның сындарлы ұстанымының маңызын дұрыс бағалап, қауіп төндіретін әрекеттерге бармауы тиіс.

«Бүгінде Түркия Еуропаға емес, Еуропа Түркияға мұқтаж. Ал ертең бұл қажеттілік одан әрі арта түседі», – деп түйіндеді Режеп Тайып Ердоған.

Back to top button