TOP-2Эксклюзив

«Қазір қатысым жоқ»: Мусин өзі құрған компанияны Құлыбаевтар сатып алғанын растады

«Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин Халық банктің кезінде өзі құрған re:Kassa сервисін сатып алғанын растады, алайда келісімнің нақты сомасы жарияланбайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл – жеке бизнеске қатысты мәселе және өзінің «Қазақтелекомдағы» қызметіне еш қатысы жоқ, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бағдат Мусин не дейді

Бағдат Мусинге кезінде өзі құрған компания жайлы сұрақты Tizgin.kz “Самұрық-Қазына” ғимаратында өткен қоғамдық кеңес отырысынан кейін қойды.

«Ол менің бизнесте жүрген кезде құрған компанияларымның бірі. Ол компания 2018 жылы re: Kassa (онлайн-касса) деген өнімін таратқан болатын. Ол өнім салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай, әрбір кәсіпкерге кассаны қолдануға салық комитеті мәжбүрлеген болатын. Сондықтан біз сол кездері бір топ азаматтармен бірлесіп, сол касса мәселесін шешуге бағытталған өнімді шығардық. Ол өнім жақсы сұранысқа ие болып, тұтынушы саны 200 мыңнан асты. Бүгінгі таңда ол өнім жұмыс істеп жатыр. Ол компанияның «Халық банкке» сатылуы – жеке бизнестің мәселелері, менің «Қазақтелекомда» істеп жүрген жұмысыма ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан мен ол компанияның құрылтайшысы болып есептелсем де, мен ол бизнеснің қалай жүргізіліп жатқанын, стратегиясын, қандай да бір өзгерістерге қатысым жоқ», – деді Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин «Халық банк» расында да, re: Kassa-ны сатып алғанын айтты. Бірақ қанша сомаға алғаны жөнінде сұраққа екі компанияның келісімі болғандықтан, ол жарияға жатпайтынын мәлім етті. Сонымен қатар, 2020 жылы мемлекеттік қызметке келген соң «Соmrun» ЖШС-ны басқа адамдарға сенімгерлік басқаруға бергенін айтты.

«Менің мемлекеттік қызметкер немесе ұлттық компанияның басшысы ретінде ол нәрсені жасап жатқан жоқпын. Мен ол компанияны 2018-2019 жылдар аралығында құрғанмын. Жекеменшік ІТ-компаниялар құрып, ол кезде ІТ-бизнесмен болдым. Бірақ ол компания қалай жұмыс істеп жатыр, қалай дамып жатқанына кіріспеймін. Өйткені «Қазақтелекомда» болғандықтан, уақытым жоқ», – деді ол.

Әңгіме не жайлы

Halyk Bank re:Kassa сервисіне ие Comrun компаниясын сатып алуды жоспарлап отырғанын бұған дейін Forbes.kz басылымы жазған еді. Мәміле сомасы сол кезде де жарияланбаған. eGov деректеріне сәйкес, Comrun компаниясының иесі – Beintech компаниясы. Оның меншік құрылымында кәсіпкер Данияр Асанов және 2025 жылы қарашада Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында тіркелген Beintech Kazakhstan компаниясы бар. Соңғысының құрылтайшысы – «Қазақтелеком» басқарма төрағасы әрі цифрлық даму жөніндегі бұрынғы министр Бағдат Мусин.

Әңгімеге арқау болған re:Kassa сервисі шағын бизнеске арналған бұлтты шешімдерге, соның ішінде сауда нүктелерін автоматтандыруға және операцияларды фискализациялауға маманданған. 2025 жылы тамызда компания банкпен стратегиялық әріптестік орнатқанын жариялаған. Ынтымақтастық нәтижесінде қазан айында нарықта POS-терминал мен цифрлық кассаның функционалын бір мобильді құрылғыда біріктіретін интеграцияланған өнім пайда болды.

Компания 2018 жылы қаңтарда тіркелген. Сол кезде оның жалғыз иесі Данияр Асанов болған. 2023 жылдың ортасында сервистің 90%-ын Freedom Holding Corp. компаниясы сатып алған. Алайда 2025 жылғы мамырда Freedom қатысушылар құрамынан шығып, жобаны бақылау Beintech компаниясына өтті.

Halyk Bank «Алмэкс» холдингіне тиесілі (үлесі — 69,48%). Холдингтің иелері – Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева. Олар Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша 2025 жылғы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде төртінші орында тұр. 2025 жылғы мамырдағы жағдай бойынша олардың жиынтық байлығы 5,3 млрд доллар деп бағаланған.

Back to top button