«Қазатомпромның» экс-менеджерінің ұлы Баянауылда алтын өндіруді жоспарлап отыр
«Уштаган Refinery» компаниясы алдағы жылдары Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы Уштаган кен орнында алтын өндіру фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Компания 2028 жылдан бастап жылына 2,5 тоннадан астам алтын өндіруге ниетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Таңдау неге Баянауылға түсті
Бұл туралы Qazba.kz жер қойнауын пайдаланушы компанияның жоспарланған қызметі туралы мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Соған сәйкес жоба аясында Баянауыл ауданында алтын өндіру фабрикасына дейін су құбыры мен су жинау құрылыстары салынады. Компания құжатында жерасты көздерінен алынған техникалық суды өндірістік айналымда пайдалану жоспарланғаны айтылған.
Жұмыс жүргізілетін аумаққа ең жақын елдімекен – Баянауыл ауданындағы Көкдамбақ ауылы. Ол су құбырының ең шеткі нүктесінен оңтүстікке қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Су құбыры полиэтилен құбырларынан салынып, желідегі құдықтар құрастырмалы темірбетон элементтерінен жасалады.
Құрылыс 11 айға созылады деп жоспарланған. Жұмысты биыл қарашада бастап, 2027 жылғы қазанда аяқтау көзделіп отыр.
Фабрика қашан іске қосылады
Компания былтыр мамырда Уштаган кен орнында жылына 800 мың тонна кен өңдейтін алтын өндіру фабрикасын салу жоспарын жариялаған болатын.
Алғашқы жоспар бойынша құрылыс осы жылдың екінші тоқсанында басталып, 22 айға созылуы тиіс еді. Оның ішінде өндірісті іске қосуға дайындық жұмыстарына төрт ай бөлінген. Фабриканы 2028 жылдың басында іске қосу жоспарланып отыр.
Компания Уштаган кен орнының рудалы алаңын 10 жыл ішінде игеруді көздейді. Фабриканың түпкі өнімі – Доре қорытпасы.
Кеніш әлеуеті қандай
Жылына 800 мың тонна кен өңделген жағдайда, оның құрамындағы алтын мөлшері бір тоннаға 1,03 грамм, күміс мөлшері 3,35 грамм болады деп есептелген. Нәтижесінде құрамында 26,2% алтын және 44,3% күміс бар 2529 келі Доре қорытпасын алу жоспарланып отыр.
Компания мәліметінше, Уштаган кен орнының алтын бойынша жалпы ресурстық әлеуеті 20 тоннаға бағаланады. Кендегі алтынның орташа мөлшері – бір тоннаға 1,31 грамм. Компания алтын өндіру фабрикасы құрылысын бастауды 2026 жылдың үшінші тоқсанына ауыстырған.
Жобаға осы уақытқа дейін салынған инвестиция көлемі 8 млрд теңгеден асады. Ал жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 23 млрд теңге деп бағаланып отыр.
Компания кімге тиесілі
«Уштаган Refinery» компаниясының жалғыз иесі – Yasai Consulting. Бұл компания «Уштаган Gold» компаниясына да иелік етеді.
Yasai Consulting компаниясының ортақ иелері – Арман Ақтай, Дәурен Алыбаев, Адай Бердіғожин және Дәурен Мұқашев.
27 жастағы Адай Шыңғысұлы Бердіғожин – Шыңғыс Бердіғожиннің ұлы. Ол 2024 жылы Forbes журналының Қазақстандағы ең бай адамдар рейтингінде 71-орынға жайғасқан. Оның байлығы $74 млн деп бағаланды.
Шыңғыс Бердіғожин сондай-ақ «Кор» мұнай компаниясының 41% акциясына иелік еткен.