$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ЖаңалықтарОқиға

Қазақстанның қай өңірлерінен халық көбірек көшіп кетіп жатыр

Уақыт өткен сайын ірі қалаларға қоныс аударып жатқандар саны артып келеді. Кей аймақта демографиялық ахуал нашарлап, тақырып өз алдына жеке мәселеге айналып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Статистика не дейді

Билік өкілдері аймақтарды дамытуға түрлі талпыныс жасап жатқанымен, облыстар халықты тұрақты түрде «беріп» келеді. Бұл үрдіс қатарынан үшінші жыл жалғасып отыр.

Ұлттық статистика бюросының деректерінше, соңғы үш жылға жуық уақытта өңірлер арасында шамамен 1,93 миллион көші-қон фактісі тіркелген. Бірақ бұл демографиялыөқ өзгеріс барлық өңірде тіркелді дегенді білдірмейді.

Бұл жерде таза көші-қон сальдосын есепке аламыз. Яғни белгілі бір өңірге басқа аймақтардан қанша адам келіп, қанша адамның кеткені салыстырылады. Егер көшіп кеткендер саны келгендерден көп болса, өңір халық жоғалтады.

Бір облыстар тұрғындарын жылдан жылға шығарып салып жатса, бірнеше ірі қала, керісінше, халықты өзіне тартып отыр. 30 айдың қорытындысын жинақтасақ, көші-қон сальдосы оң болған небәрі төрт аймақ бар. Олар: Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Алматы облысы.

Қалған өңірдің барлығы осы кезеңде тұрғындарынан айырылған.

Тұрғындарын ең көп жоғалтқан өңірлер

2024 жылдан 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына дейінгі 2,5 жылда Түркістан облысынан 100 мыңға жуық адам көшіп кеткен. 2024 жылы облыстан басқа өңірлерге 31 966 адам қоныс аударса, 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 42 649 адамды құрады. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында өңірден 19 620 адам кеткен.

Осылайша, 2,5 жылдағы жалпы шығын 94 235 адамға жетті. Бұл – халқы шағын бір қазақстандық қала тұрғындарымен салыстыруға болатын көрсеткіш.

Көші-қонның негізгі бағыты да түсінікті. Түркістан облысы тұрғындары көбінде Шымкентке қоныс аударған. Тағы 21 283 адам Астанаға, 14 013 адам Алматыға, 8 733 адам Алматы облысына кеткен.

Жамбылдағы жағдай

Тұрғындарының сыртқа көшуі бойынша екінші орында – Жамбыл облысы. 2,5 жыл ішінде облыс 47 034 адамнан айырылған.

Аталған облыс тұрғындарының көші-қон бағыттары да негізінен бірнеше ірі орталықпен шектеледі. Бәрін тартып тұрған жер – Алматы. Қалаға кеткендер мен келгендер арасындағы таза айырма облыс үшін 19 112 адамды құрады. Бұдан бөлек, Жамбыл облысы Астанаға 15 329 адамды, Алматы облысына 8 314 адамды жоғалтты.

Жылдар бойынша қарасақ, көші-қон қарқыны да күшейіп келеді. 2024 жылы облыс 16,7 мың адам жоғалтса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 21,2 мыңға жеткен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында тағы 9,2 мың адам кеткен.

Ал Жетісу облысы 30 айда 29 636 тұрғыннан айырылды. Оның ішінде Алматыға кеткендердің таза сальдосы – 14 786 адам. Тағы 10 897 адам Алматы облысының пайдасына кеткен.

Яғни Жетісу облысының өңіраралық көші-қон нәтижесінде жоғалтқан тұрғындарының он адамның тоғызына жуығы Алматы мен оның агломерациясы бағытына кеткен. Қызылорда облысы жұртының көбі Астанаға жол тартқан. 2,5 жылда өңір 27 098 адамынан айырылды. Оның 12 297-сі Астанаға қоныс аударған.

Алматыға кеткендердің таза айырмасы тағы 5 651 адамды құрады. Ал Абай облысының 30 айдағы жалпы көші-қон сальдосы – 22 144 адам көшкенін көрсетті.

Батыс Қазақстандағы ахуал

Қызықты мысалдардың бірі – Батыс Қазақстан облысын қамтыды. 2,5 жыл ішінде өңір Қазақстанның басқа облыстары мен қалаларымен ішкі көші-қон алмасу кезінде 10 742 адамынан айырылған.

Батыс Қазақстан – Ресеймен шекаралас облыс. Сондықтан бұл өңірден көшіп жатқандардың негізгі бағыты Ресей болуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Алайда ішкі көші-қон статистикасы мүлде басқа көріністі көрсетеді.

Облыстың негізгі «қабылдаушысы» – Астана. Елордамен көші-қон алмасуында Батыс Қазақстан облысы 8 331 адамнан айырылған. Тағы 1 690 адам Алматыға кеткен.

Тағы қай өңірлер тұрғындарын жоғалтып жатыр

2,5 жылдағы ішкі көші-қон нәтижесі бойынша Қазақстанның өзге өңірлеріндегі халық шығыны мынадай:

  • Павлодар облысы – 15 237 адам;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 12 998;
  • Қарағанды облысы – 12 983;
  • Атырау облысы – 12 748;
  • Қостанай облысы – 11 735;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 9 004 адам;
  • Ұлытау облысы – 8 220 адам;
  • Маңғыстау облысы – 5 787 адам.

Ақмолада өсім байқалады

Маңыздысы сол, бұл өңірлердің басым бөлігі әр жыл сайын көші-қон бойынша минус көрсеткішінде болған. Бұл халықтың сыртқа ағылуы уақытша құбылыс емес, тұрақты қалыптасқан көші-қон үрдісі екенін көрсетеді.

Жалпы картинадан тек Ақмола облысы ерекшеленеді. 2024 жылы өңір 4 150 адамынан айырылса, 2025 жылы керісінше 292 адамға көбейді. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында облыс тағы 2 576 тұрғын қосты.

Соған қарамастан, 30 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы әлі де аздаған минуста – 1 282 адам. Дегенмен соңғы көрсеткіштер көші-қон бағытының оң арнаға бет бұрғанын аңғартады.

Ауылдан қалаға ауғандар

Қазақстандағы көші-қонның тағы бір айқын бағыты – халықтың ауылдық жерлерден қалаларға қарай ығысуы.

Яғни қазақстандықтар тек бір өңірден екіншісіне көшіп жатқан жоқ. Ел ішінде халықтың бір бөлігі ауылдан қалаға қарай біртіндеп қоныс аударып жатыр. Мәселен, Түркістан облысындағы 94 235 адамдық жалпы көші-қон шығынының 81 624-сі ауыл тұрғындарына тиесілі. Ал облыс қалаларындағы халық саны 12 611 адамға азайған.

Жамбыл облысында жалпы 47 034 адамдық шығынның 40 582-сі ауылдық жерлерге тиесілі. Абай облысында ауыл тұрғындарының саны 18 460 адамға кемісе, қала халқы 3 684 адамға азайған. Кейбір өңірде ауылдан қалаға ауысу одан да анық байқалады. Мысалы, Ақтөбе облысында қала халқының саны 15 255 адамға артқан, ал ауыл халқы дәл осы мөлшерге азайған.

Қостанай облысында ауылдан қалаға ауған халық саны 13 926 адам. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш – 12 413, Батыс Қазақстан облысында – 10 971, ал Шығыс Қазақстан облысында 9 226 адамға жеткен.

 

Back to top button