$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Қоғам

Қазақстанның өңірлік дипломатиясы: экономикалық байланыстар және Каспийдің болашағы

Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік-логистика әлеуетін арттыру және Каспий теңізінің экологиялық жағдайын сақтау өңірлік ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына айналып отыр. Түрікменстанның Аваза қаласында өткен халықаралық кездесулер осы мәселелерді талқылап, мемлекеттер арасындағы серіктестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше халықаралық алаңда Қазақстанның ұстанымын білдіруі еліміздің өңірлік диалогты нығайтуға және ортақ бастамаларды ілгерілетуге бағытталған саясатын көрсетеді.

Авазадағы кездесулер аясында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту, өңірішілік сауда көлемін арттыру және Каспий арқылы өтетін көлік дәліздерінің әлеуетін пайдалану мәселелері де назарға алынды. Сонымен қатар Каспий теңізінің деңгейін бақылау, экологиялық жағдайын сақтау және жағалаудағы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіру қажеттігі көтерілді. Бұл бағыттар Қазақстанның экономикалық мүдделерін қорғаумен қатар, өңірдің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды қадамдар саналады.

Қоғамдық саясат институтының сарапшысы Жансая Нұралиева Авазадағы кездесулердің маңызына тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы рөлін түсіндірді. Сарапшы Қазақстанның экономикалық байланыстарды кеңейту, халықаралық көлік бағыттарын дамыту және Каспий теңізін сақтау жөніндегі ұстанымдарына тоқталып, бұл бастамалардың өңір мемлекеттері үшін ашатын мүмкіндіктерін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Авазада өткен бірнеше халықаралық кездесуге қатысуы Қазақстанның өңірлік дипломатиядағы рөлін қалай айқындайды?

— Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстандағы Авазаға сапары аясында бірнеше маңызды халықаралық кездесуге қатысуы Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін көрсетеді. Атап айтқанда, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммиті және Каспий экология саммиті бір алаңда өтіп отыр. Бұл Қазақстанға экономикалық байланыстарды кеңейту, көлік-логистика бағыттарын дамыту және экологиялық мәселелерді талқылау бойынша ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының осындай халықаралық алаңдарда белсенділік танытуы еліміздің өңірлік күн тәртібін қалыптастыруға және маңызды мәселелер бойынша ортақ шешімдер іздеуге қосқан үлесін көрсетеді.

— Мемлекет басшысының Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған ұстанымы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға қандай мүмкіндіктер береді?

— Әзербайжанның Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысуы өңірлік ынтымақтастықтың ауқымын кеңейте түсті. 2023 жылы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев кездесуге алғаш рет құрметті қонақ ретінде қатысса, 2025 жылы ел осы форматтың толыққанды қатысушысы болды. Әзербайжан географиялық тұрғыдан Оңтүстік Кавказда орналасқанымен, Орталық Азиямен экономикалық байланыстары нығайып келеді. Бұл, әсіресе, Каспий теңізі арқылы өтетін көлік дәліздерін дамыту үшін маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған бастамалары сауда көлемін арттыруға, транзиттік мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға және халықаралық нарықтарға шығатын бағыттарды дамытуға жол ашады.

— Қазақстанның өңірішілік сауданы дамытуға басымдық беруі Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуда қандай рөл атқарады?

— Орталық Азия елдері Қытай, Ресей және Еуропа мемлекеттерімен белсенді сауда байланыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар өңір ішіндегі сауда көлемін арттыруға да айтарлықтай мүмкіндік бар. Ол үшін көлік инфрақұрылымын жетілдіру, шекарадан өту рәсімдерін оңтайландыру және логистикалық байланыстарды дамыту маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлік экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамалары осы міндеттерді шешуге ықпал етеді. Елдер арасындағы сауда байланыстарының кеңеюі тауар айналымын арттырып қана қоймай, кәсіпкерлікке жаңа мүмкіндіктер ашып, Орталық Азияның халықаралық экономикалық кеңістіктегі әлеуетін күшейте түседі.

— Мемлекет басшысының Каспий теңізінің экологиялық жағдайына назар аударып, ортақ мониторинг жүйесін құру жөніндегі бастамаларды көтеруі Қазақстан үшін неліктен маңызды?

— Каспий теңізінің тартылуы – Қазақстан мен оған жағалауы бар басқа мемлекеттер үшін маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келтірген деректерге сәйкес, 2000–2025 жылдар аралығында Каспий теңізінің ауданы 16 мың шаршы шақырымнан астам қысқарған. Бұл шамамен төрт Люксембургтің аумағына тең. Қазақстан Каспий арқылы халықаралық жүк тасымалын арттыруды жоспарлап отырғандықтан, теңіз деңгейінің өзгеруін бақылау және оның салдарын зерттеу ерекше мәнге ие. Әсіресе Ақтау мен Құрық порттарының тиімді жұмыс істеуі теңіздің жағдайымен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Авазада Каспий деңгейінің төмендеуіне қарсы үкіметаралық комиссия құру және теңіз жағдайын бақылайтын ортақ цифрлық платформа әзірлеу мәселелерінің көтерілуі маңызды. Мемлекет басшысының бұл бастамалары ғылыми деректерге сүйеніп әрекет етуге, жағалаудағы бес мемлекеттің күш-жігерін үйлестіруге және Каспийдің экологиялық жағдайын сақтауға бағытталған.

Back to top button