$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
TOP-2Экономика

Қазақстанның мұнайын қай елдер сатып алып жатыр

Қазақстан мұнайының 70 пайыздан астамын бес ел сатып алады

Қазақстан мұнайы негізінен Еуропа елдеріне экспортталады. 2025 жылы еліміз 76,3 млн тонна мұнай сыртқа жөнелтсе, оның 70 пайыздан астамы Италия, Нидерланды, Франция, Румыния және Грекияға жеткізілген, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ranking зерттеуіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстан мұнай экспортының көлемі кейінгі 10 жылда 20 пайызға өскен. 2015 жылы шетелге 63,6 млн тонна мұнай жөнелтілсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 76,3 млн тоннаға жетті. Былтыр мұнай экспортының жалпы құны 40 млрд АҚШ долларын құрады. Алайда экспорт көлемінің өсуі кірістің дәл сондай деңгейде артқанын білдірмейді. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан мұнайды 2024 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға көп экспорттағанымен, оның ақшалай көлемі 6,8 пайызға төмендеді.

Бұған әлемдік мұнай бағасының өзгеруі әсер етті. Бір тонна қазақстандық мұнайдың орташа есептік құны 2024 жылғы 604 доллардан 2025 жылы 524 долларға дейін төмендеді.

Қазақстан мұнайын ең көп сатып алатын елдер

Қазақстанның негізгі мұнай сатып алушысы – Италия. 2025 жылы бұл елге 15,2 млрд доллар көлемінде 28,9 млн тонна мұнай жеткізілді. Осылайша, Италия Қазақстан мұнай экспортының физикалық көлемінің 37,8 пайызын, ал құндық көлемінің 38,1 пайызын сатып алған. Екінші орында Нидерланды тұр. Қазақстан бұл елге 5,6 млрд долларға 10,6 млн тонна мұнай экспорттады.

Одан кейінгі орындарға:

  • Франция – 3 млрд долларға 5,6 млн тонна;
  • Румыния – 2,6 млрд долларға 5,3 млн тонна;
  • Грекия – 2,3 млрд долларға 4,3 млн тонна мұнай сатып алды.

Жалпы, осы бес елге Қазақстан мұнай экспортының физикалық және құндық көлемінің 70 пайыздан астамы тиесілі. Бұдан бөлек, қазақстандық мұнай Қытай, Түркия, Германия, Сингапур және Оңтүстік Кореяға да жөнелтіледі. 2025 жылы Қытай 2 млрд долларға 3,8 млн тонна, Түркия 1,5 млрд долларға 2,9 млн тонна, Германия 1 млрд долларға 2 млн тонна мұнай импорттады. Сингапурға 1,8 млн тонна, Оңтүстік Кореяға 1,5 млн тонна мұнай жеткізілді.

2026 жылы мұнай экспорты азайған

2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстан 33 млн тонна мұнай экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7 пайызға аз. Дегенмен экспорттың ақшалай көлемі қатты төмендеген жоқ. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан 18,8 млрд доллардың мұнайын сатты. Былтыр бұл көрсеткіш 19,5 млрд доллар болған еді. Биылғы алты айда да Италия Қазақстан мұнайын ең көп сатып алған ел болып қалды. Бұл елге 6,8 млрд долларға 11,8 млн тонна мұнай жөнелтілді.

Одан кейін:

  • Нидерланды – 2,5 млрд долларға 4,4 млн тонна;
  • Франция – 1,9 млрд долларға 3,2 млн тонна;
  • Түркия – 1,3 млрд долларға 2,1 млн тонна;
  • Грекия – 1 млрд долларға 1,9 млн тонна мұнай сатып алды.

2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мұнай экспортының физикалық көлемінің 70,9 пайызы, ал құндық көлемінің 71,8 пайызы осы бес елге тиесілі болды. Сонымен қатар Сингапурға 1,5 млн тонна, Румынияға 1,4 млн тонна, Испания мен Қытайға 1,2 млн тоннадан, Германияға 1 млн тонна мұнай экспортталды. Қазақстан мұнайын сыртқы нарықтарға жеткізудің негізгі бағыты — Каспий құбыр консорциумы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша осы құбыр арқылы 64,8 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды.

Бұдан бөлек, мұнай Баку–Тбилиси–Джейхан бағытымен де жөнелтіледі. Бұл бағыт бойынша жылына шамамен 1,2 млн тонна мұнай тасымалданады. Әзербайжан тарапы қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін мәлімдеген. Мұнай экспортының биылғы төмендеуіне бірінші жартыжылдықтағы өндіріс көлемінің қысқаруы әсер етті. Қаңтар–маусым айларында Қазақстанда 45,7 млн тонна мұнай өндірілді.

Сонымен қатар шілде айында «Теңізшевройл» Теңіз кен орнын кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін өндіріс көлемін тәулігіне шамамен 120 мың тоннаға жеткізді. Компания жыл соңына дейін 40 млн тоннаға дейін мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Қазақстан үшін мұнай экспортының маңызы тек сатылған шикізат көлемімен өлшенбейді. Мұнайдан түсетін кірістің бір бөлігі Ұлттық қорға жинақталып, мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Ал мұнай-газ компаниялары өздері жұмыс істейтін өңірлерде әлеуметтік нысандар салып, денсаулық сақтау, білім беру және сумен қамту жобаларына қаржы құяды.

Әділхан Есімханов

Әділхан Есімханов – журналист. Журналистика саласында 8 жылдан астам өтілі бар. Еңбек жолын 2017 жылы ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасында баспасөз хатшысы болып бастаған. 2018 жылы облыстық VKsport.kz сайтында журналист, 2019 жылы облыстық «Менің өлкем» жекеменшік басылымында журналист, 2023 жылы шығарушы-редактор, 2024 жылы «Менің өлкем Риддер» газетінің бас редакторы болды. 2025 жылдан бастап Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. «Шапағат» медалінің иегері.
Back to top button