$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстанға шетелден көлік әкелу ережесін өзгерту ұсынылды: не өзгереді

Көлік министрлігі Қазақстанға коммерциялық мақсатта және жеке қолданыс үшін әкелінетін автокөліктерге қойылатын талаптарды бір-бірінен ажыратуды ұсынып отыр. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кәсіпкерлерге қатысты норма нақтыланады

Жоба автомобиль жолдарымен жүруге арналған көлік құралдарының рұқсат етілген параметрлерін реттейтін құжатқа өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл құжат 2015 жылы 26 наурыздағы №342 бұйрықпен бекітілген.

Министрлік оның 19-тармағын өзгертіп, осы норма қолданылатын тұлғалар аясын нақтылауды ұсынған. Жобаға берілген түсіндірмеге сәйкес, аталған талап коммерциялық мақсатта автокөлік әкелетін заңды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты болмақ. Осылайша, көлікті коммерциялық мақсатта әкелушілерге қойылатын талап жеке қажеттілігі үшін әкелетін азаматтарға арналған тәртіптен ажыратылады.

Жеке пайдалану үшін көлік әкелетіндерге бөлек тәртіп ұсынылды

Құжатты жаңа 19-1-тармақпен толықтыру да жоспарланып отыр. Ол жеке пайдалану үшін автокөлік әкелетін жеке тұлғаларға қатысты бөлек реттеу тәртібін белгілеуді көздейді. Министрліктің түсіндіруінше, мұндай тәсіл талаптарды қатысушылар санатына қарай ажыратып, ережелердің біркелкі қолданылуына мүмкіндік береді.

Әзірге бұл – қоғамдық талқылауға шығарылған жоба. Сондықтан ұсынылған өзгерістерді күшіне енген талап ретінде қабылдауға болмайды.

Back to top button