$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Жаңалықтар

Қазақстандықтардың 79,3% елдегі жағдайды қолайлы немесе тұрақты деп бағалаған – сауалнама

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сауалнамасына қатысқандардың 79,3%-ы елдегі ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалаған. Респонденттердің 83,6%-ы өз өміріне қанағаттанатынын айтса, 56,6%-ы алдағы бір жылда отбасының тұрмысы жақсарады деп күтеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Қазақстан қоғамдық даму институтына сілтеме жасап.

Елдегі ахуал мен отбасы табысы

Институттың 2026 жылдың үшінші тоқсанына арналған зерттеуіне сәйкес, елдегі жағдайды оң бағалайтындардың үлесі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,7 пайыздық тармаққа өскен. Ал Қазақстандағы экономикалық ахуалға сауалнамаға қатысқандардың 72,9%-ы оң баға берген.

Респонденттердің жалпы 69,1%-ы отбасы табысының бұрынғы деңгейде сақталғанын немесе өскенін айтқан. Сондай-ақ 49,5%-ы кейінгі бір жылда өзінің өмірі мен отбасының жағдайы жақсарғанын жеткізген. Оң өзгерістерді жастар жиірек байқаған. 18–28 жас аралығындағы респонденттердің 57,7%-ы тұрмысының жақсарғанын айтса, 29–45 жас тобында бұл көрсеткіш 50,6% болған.

Ауыл тұрғындарының болашаққа сенімі жоғары

Сауалнамаға қатысқандардың 56,6%-ы бір жылдан кейін өзі мен отбасы қазіргіден жақсы өмір сүреді деп үміттенеді. Мұндай пікір ауыл тұрғындары арасында жиірек кездеседі: ауылдықтардың 61,9%-ы, ал қалалықтардың 53,4%-ы тұрмысының жақсаруын күтеді.

Респонденттердің басым бөлігі кейінгі күндердегі көңіл күйін де оң бағалаған. Қатысушылардың 27,6%-ы көңіл күйінің өте жақсы екенін, тағы 60,5%-ы қалыпты әрі бірқалыпты екенін айтқан. Екі топтың жиынтық үлесі – 88,1%. Сауалнама 2026 жылғы 31 шілде мен 16 тамыз аралығында жүргізіліп, оған 2 400 адам қатысқан. Институт мәліметінше, ұлттық іріктеме Қазақстанның ересек тұрғындарының жынысы, жасы, елді мекен түрі және тұратын өңірі бойынша құрамын ескере отырып жасалған. Сенімділік деңгейі 95% болғанда, іріктеменің ең жоғары қателік шегі ±2%-дан аспайды.

Back to top button