Қазақстандықтар төрт күндік жұмыс аптасына көше алады: ол үшін не істеу керек
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың сөзінше, елдегі жекелеген салалар уақыт өте келе төрт күндік жұмыс аптасына көше бастайды, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengri TV YouTube-арнасына сілтеме жасап.
МИНИСТР НЕ АЙТТЫ
Министр төрт күндік жұмыс аптасын енгізу мүмкіндігі заңнамада қарастырылғанын атап өтті. Осындай жұмыс тәртібі ұйым қызметінің ерекшелігі, жұмыс беруші мен қызметкердің екеуара келісімі негізінде белгіленуі мүмкін.
“Ұйым жұмысын тиімді жүргізуге төрт күн жеткілікті болса, жұмыс берушіге осы секілді шешім қабылдауға болады. Менің ойымша, бұған кезең-кезеңімен келеміз. Қалай десек те, жекелеген салалар төрт күндік жұмыс аптасына көше бастайды”, – деді Ертаев.
“БІЗ ҮШІН ЖАҢА ТӘЖІРИБЕ”
Ол мұндай жүйеге алғашқылардың бірі болып көшетін ұйымдар басқа жұмыс берушілер мен салаларға үлгі болатынын алға тартты. Уақыт өте келе олардың тәжірибесі зерттеліп, кеңінен енгізіле бастайтын көрінеді.
“Бұл бізге әлі де жаңа тәжірибе. Дегенмен Еңбек кодексі мұндай мүмкіндікті қарастырады. Сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу, толық емес жұмыс уақыты, икемді жұмыс кестесі мен ауысымдық жұмыс режимі де заңда көзделген”, – деді министр.
Асқарбек Ертаевтың сөзінше, қашықтан жұмыс істеу форматы қазір IT саласында қолданылып отыр.
ЖҰМЫС КЕСТЕСІ ӨЗГЕРУІНІҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ
Сонымен қатар икемді жұмыс кестесі қызметкерлерге жұмысты таңғы сағат 08:00-де емес, мысалы, 09:30-да бастап, жұмыс күнін отбасы жағдайына қарай кешірек аяқтауға мүмкіндік береді.
“Біз жұмыс берушілердің мүмкіндіктерін кеңейтіп, қызметкерлердің құқығын да қорғаймыз. Қызметкер отбасылық немесе өзге де жағдайларға байланысты жұмыс берушімен келісіп, толық емес жұмыс күніне немесе икемді жұмыс кестесіне ауыса алады”, – деді министр.
Сонымен қатар министр қазақстандықтарды төрт күндік жұмыс аптасына көшіруді міндеттеу жоспарда жоқ екенін жеткізді. Мұндай шешімдер әр ұйымның қызмет ерекшелігіне байланысты жұмыс беруші мен қызметкердің өзара келісімімен қабылданады.