Жаңалықтар

Қазақстандықтар тауып алған тағы бір дронның қайдан келіп құлағаны анықталып жатыр

Әлеуметтік желіде Қазақстан аумағында құлаған дрон туралы видео тарады. Бейне нақты қай өңірде түсірілгені белгісіз, деп хабарлайды Tizgin.kz.

КУӘГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ

Бірақ адамдардың сөзінен батыс диалектісі аңғарылады. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Tizgin.kz сауалына видеоның мән-жайын анықтап жатқандарын айтып жауап берді.

Бейнеде кадр сыртында тұрып сөйлеген адам пилотсыз аппараттың ұзындығы 3 метрден асатынын айтады. Ал дрон жанында тұрған адамдар аппараттың әлі толық өшпегенін, түсініксіз дыбыс беріп жатқанын айтып, даурығысады.

Желі қолданушылары Қазақстан аумағына қаңғыған дронның құлауы жиілеп кеткенін, бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің әлсіздігін көрсететін жазған.

МИНИСТРЛІК ЖАУАБЫ

Осы ақпарат шыққан соң Tizgin.kz редакциясына Қорғаныс министрлігінің ресми жауабы келді.

Желіде таралған ұшқышсыз ұшу аппаратының табылуына қатысты видео 2025 жылғы 19 маусымда Маңғыстау облысының Қарақия ауданында түсірілгенін хабарлаймыз, – делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша уәкілетті қызметтер тарапынан бұған дейін заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті тексеру іс-шаралары жүргізілген көрінеді.

Қорғаныс министрлігі азаматтарды күмәнді заттар анықталған жағдайда оларға жақындамауға, ұстамауға және дереу құзырлы органдарға хабарлауға шақырады. Әлеуметтік желі қолданушыларынан тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз, – делінген мәліметте.

Back to top button