Жаңалықтар

Қазақстандықтар маникюр мен педикюрге 7,5 млрд теңге жұмсаған

Елде 2025 жылы маникюр мен педикюрді қоса алғанда косметикалық қызметке 7,5 млрд теңге жұмсалған. Ал сұлулық саласында көрсетілген қызметтің жалпы көлемі 127,3 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ұлттық статистика бюросының дерегіне сілтеме жасап.

Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтар сұлулыққа жұмсайтын қаражатының басым бөлігін шаштараздарға қалдырған. 2025 жылы шаштараз қызметінің көлемі 67,5 млрд теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 5,3%-ға көп.

Сұлулық салондары ұсынатын өзге қызметтің көлемі 52,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл санатқа, соның ішінде өңделмеген адам шашына байланысты қызмет те кіреді.

Ал маникюр мен педикюрді қамтитын косметикалық қызметке бір жылда 7,5 млрд теңге жұмсаған.

Ауылдағы сұлулық қызметіне сұраныс

Ұлттық статистика бюросының дерегі сұлулық саласының тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

2025 жылы ауылдардағы шаштараз қызметінің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2%-ға өсіп, 34,3 млрд теңгеге жеткен.

Бұдан бөлек, ауылдық жерлердегі сұлулық салондарының өзге қызметі 1,9 млрд теңгеге, ал косметологиялық қызметтер 814,9 млн теңгеге бағаланған.

Осылайша, 2025 жылы елдегі шаштараз, косметикалық және сұлулық салондары ұсынатын өзге де қызметтің жалпы көлемі 127,3 млрд теңгені құрады.

Back to top button