Қазақстандықтар жиі саяхаттайтын елдердің бірі визасыз режимді қысқартып жатыр
Қыркүйектің 15-нен бастап қазақстандықтар Таиландта визасыз 60 күн емес, 30 күн жүре алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бір айдан аспауы тиіс
Мұндай өзгерістер Қазақстан мен бірқатар басқа мемлекет азаматтарына қатысты. Жаңа ережелер туралы мәліметті Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі бөлісті.
“Таиланд бірқатар мемлекеттің, соның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтары үшін визасыз жүру мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартады. Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі 15 қыркүйекте күшіне енеді”, – деді елшіліктегілер.
Жаңа ережелер күшіне енген соң қазақстандықтар Таиландқа табаны тиген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз жүре алады. Бұл жерде сонда болудың жалпы мерзімі әрбір 180 күндік кезең ішінде 90 күннен аспауы тиіс.
Елшілік ескертіп жатыр
Бұл дегеніміз жарты жыл ішінде Таиландқа жасалған бірнеше сапар мерзімі жинақталады. Белгіленген жалпы лимиттен аспаулары тиіс. Егер сапар 30 күннен асса, визасыз режим жеткіліксіз болады. Мұндайда тиісті визаны алдын ала ресімдеу қажет.
Алдағы бірнеше айда Таиландта асықпай демалуды немесе бірнеше рет баруды жоспарлағандарға елшілік сапарды жоспарлау кезінде жаңа мерзімдерді ескеруді ұсынады.