Қазақстандықтардың тұтыну дағдысы әр өңірде әркелкі. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы зерттелген үй шаруашылықтарының ақшалай шығынының орта есеппен 52%-ы азық-түлікке, 20,8%-ы азық-түлік емес тауарларға, 18,6%-ы ақылы қызметтерге, ал 8,4%-ы басқа шығындарға тиесілі болды. Алайда бұл орташа көрсеткіштердің тасасында өңірлер арасындағы үлкен айырмашылық жатыр. Кейбір облыстарда отбасы жұмсаған әрбір он теңгенің шамамен алтауы азық-түлікке кетсе, енді бірінде бұл көрсеткіш төрт теңгеден сәл ғана асады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ең алдымен көзге түсетіні – азық-түлік шығысы ең жоғары өңірлер. Жетісу облысында отбасы бюджетінің 59,3%-ы азық-түлікке жұмсалады. Одан кейін Маңғыстау облысы (59,0%), Түркістан облысы (58,6%), Жамбыл облысы (58,5%) және Алматы облысы (57,3%) орналасқан. Шымкентте бұл көрсеткіш 55,9%, Абай облысында 55,6%, Алматы қаласында 54,5%, Батыс Қазақстан облысында 54,2%, Ақтөбе облысында 53,8%. Бұл өңірлерде отбасы бюджетінің жартысынан көбі күнделікті азық-түлікке жұмсалады.

Керісінше, азық-түлік шығысының үлесі ең төмен өңірлердің қатарында Қарағанды облысы тұр – 43,3%. Ұлытау облысында бұл көрсеткіш 44,3%, Ақмола және Павлодар облыстарында 46,2%, Қызылорда облысында 47,4%, Атырау облысында 47,8%, Астанада 48,0%, Шығыс Қазақстан облысында 48,4%, Қостанай облысында 49,2%, Солтүстік Қазақстан облысында 49,7%. Осылайша, Жетісу мен Қарағанды облыстары арасындағы айырмашылық 16 пайыздық пунктке жетеді.
Тағы бір ерекшелік – ақылы қызметтерге жұмсалатын шығындар. Республика бойынша олардың үлесі 18,6% болса, Астанада бұл көрсеткіш 22,1%. Яғни елорда тұрғындары білімге, денсаулық сақтауға, байланысқа, демалысқа, қоғамдық тамақтануға және басқа да қызметтерге орташа деңгейден едәуір көп қаржы жұмсайды. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент (19,1%) пен Қарағанды облысы (19,0%) да көш басында. Одан кейін Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары (екеуі де 18,4%), Павлодар облысы (18,2%) орналасқан. Ал ақылы қызметтердің үлесі ең төмен өңірлердің қатарында Маңғыстау, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстары бар. Бұл өңірлерде отбасы шығынының басым бөлігі күнделікті тұтыну қажеттіліктеріне бағытталатынын аңғартады.

Соңғы алты жылда ел бойынша тұтыну құрылымы да өзгерген. 2019 жылы үй шаруашылықтарының ақшалай шығынының 50%-ы азық-түлікке жұмсалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 52%-ға дейін өсті. Ал азық-түлік емес тауарлардың үлесі 22,9%-дан 20,8%-ға, ақылы қызметтердің үлесі 20%-дан 18,6%-ға дейін төмендеді. Басқаша айтқанда, қазақстандықтардың бюджетінде ең қажетті күнделікті шығындардың салмағы артқан.
Жалпы алғанда, өңірлерді үш үлкен топқа бөлуге болады. Бірінші топқа отбасы бюджетінің негізгі бөлігі азық-түлікке жұмсалатын Жетісу, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары жатады. Екінші топ – қызметтерге жұмсалатын шығынның үлесі жоғары Астана, сондай-ақ Шымкент пен Қарағанды облысы. Үшінші топқа азық-түлік шығысының үлесі салыстырмалы түрде төмен, ал басқа тауарлар мен қызметтерге көбірек қаржы бөлінетін Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Павлодар, Қызылорда және Атырау облыстары кіреді.

Өңірлер арасындағы мұндай айырмашылықтар қазақстандықтардың тұтыну құрылымы біркелкі емес екенін көрсетеді. Бір өңірде отбасы бюджетінің басым бөлігі күнделікті азық-түлікке жұмсалса, енді бір өңірде қызметтер мен азық-түлік емес тауарлардың үлесі жоғары. Бұл өңірлердің экономикалық ерекшелігін ғана емес, халықтың тұтыну үлгісі мен өмір салтының да әртүрлі қалыптасқанын аңғартады.