$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
ГеосаясатЖаңалықтар

Қазақстандықтар Қытай, Үндістан және БАӘ-де QR арқылы төлем жасай алады

Қазақстан 11 елмен шекарааралық төлемдерді іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Central Asia Fintech Summit саммитінде Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жоспар бойынша, аталған елдерде QR-код арқылы төлем жасау мүмкіндігі 2027 жылдың ортасына дейін іске қосылады.

Бинұр Жәленов реттеуші қазақстандықтардың өз банктерінің қосымшалары арқылы трансшекаралық төлем жасауына мүмкіндік беру бағытындағы жұмысты жалғастырып жатқанын айтты.

«Бүгінде бірқатар бағыт бойынша нақты практикалық келісімдерге қол қойылды. Біз трансшекаралық төлемдер бойынша 11 елмен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың қатарында Қытай, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер бар. Қытай бағыты бойынша жүйе жыл соңына дейін іс жүзінде жұмыс істей бастайды деп күтіп отырмыз. Қалған елдерде жүйе кезең-кезеңімен іске қосылады. Болжам бойынша, оларда іске қосу жұмыстары келесі жылдың ортасына дейін басталады», – деді Жәленов.

Ұлттық банк төрағасы орынбасарының айтуынша, жасалған келісімдер қазақстандықтарға шетелде тауарлар мен қызметтердің ақысын өз банкінің қосымшасы арқылы QR-кодты сканерлеп қана төлеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандықтар өз QR-кодын қалыптастыра алады. Бұл аталған елдердің тұрғындарына сол код арқылы қазақстандықтарға төлем жасауға мүмкіндік береді.

Жәленовтің сөзінше, мұндай төлемдер үшін алынатын комиссия мөлшерін операция жүргізілетін банк өзі белгілейді.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button