Жаңалықтар

Қазақстан студенттері шетелдік компанияға алданып қалды

Шет елге барып, табыс тапқысы келген 150-ден астам студент жұмысқа орналастырумен айналысатын компанияға алданып қалған, деп хабарлайды Tizgin.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

ЕШКІМ БАЙЛАНЫСҚА ШЫҚПАҒАН

Мәлім болғандай, студенттер жеті ай бұрын шетелге жұмысқа бару мақсатында компанияға ақша төлеген. 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі ақшаны көбі ата-анасының атынан бөліп төлеуге рәсімдеген. Келісім бойынша ай бұрын бұларға басқа елдерден шақырту келуі тиіс болған. Бірақ сол беті ешкім байланысқа шықпаған.

“Осы компанияның Инстаграм парақшасында 50 мыңдай оқырманы болған соң, бәрі дұрыс шығар деп, бірден бес адам тіркелдік. Шартта 31 мамырға дейін жұмыстан шақырту келуі керек еді. Бірақ 31 мамырға дейін келмеді. Келмеген жағдайда 100% қайтарамыз деген. Басында айтты, “біз Германиямен тікелей жұмыс істейміз” деп. Бірақ бас тарту келгенде, мамырдың 10-на қарай “біз қырғыз компаниясымен жұмыс істейміз” деп айтты”, – деді Сұлтан Мұхамеджан.

150-ден аса алданғандардың көбі Астана, Алматы, Шымкент қаларынан.

КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ АҚШАНЫ ҚАЙТАРА МА

Ал компания басшысы төленген қаражатты қайтарудан бас тартып отырған жоқ. Айтуынша, мәселе шетелдік серіктестердің келісімшарт талаптарын орындамауынан туындаған.

“Шартқа сәйкес біз қаражатты қайтару міндеттемелерінен бас тартпаймыз. Біз оны орындауға келісеміз. Жалғыз мәселе – қаржыландыру жағынан қиындықтар бар. Себебі, әр клиент үшін қырғызстандық серіктесімізге қызмет ақысы төленген болатын, біз оған бәрін аудардық. Олар өз міндеттемелерін орындаудан бас тартты. Яғни қаражатты қайтармай отыр. Қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз”, – деді Job 2 day компаниясының директоры Мирас Оразғалиев.

Back to top button