TOP-2Жаңалықтар

Қазақстандағы интернет неге баяулады: министрлік ресми түсініктеме берді

Қазақстанда бірқатар интернет-ресурстардың жұмысы уақытша баяулап, кей сервистерге қолжетімділік қиындаған. Бұл жағдайға қатысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ведомство мәліметінше, ақауға магистральдық оптикалық-талшықты байланыс кабелінің зақымдануы себеп болған. «Қазақтелеком» АҚ-ның хабарлауынша, байланыс желісін құрылыс жұмыстары кезінде арнайы техника бүлдіріп кеткен.

Белгілі болғандай, зақымданған кабель халықаралық интернет-трафик өтетін негізгі бағыттардың біріне қызмет көрсеткен. Соның салдарынан кей интернет-ресурстардың жұмысы уақытша тұрақсыз болған.

Алайда мамандар желідегі ірі ақаудың алдын алу үшін интернет-трафикті жедел түрде резервтік байланыс арналарына бағыттаған. Соның арқасында ел аумағында интернет толық өшіп қалмай, желінің негізгі жұмысы сақталған.

Қазіргі уақытта оқиға орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, апат техникалық сипатта болған және жер қазу жұмыстары кезінде орын алған.

Back to top button