Жаңалықтар

Қазақстанда үлкен “Халықтық құрылыс” басталады: Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді

Қазақстанда әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Президенттің айтуынша, ел экономикасының өсімі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы жылдары әлеуметтік маңызы бар нысандарды салу мен жаңғыртуға ерекше басымдық беріледі.

ЖІӨ 400 млрд долларға жуықтайды

Президент Халықаралық валюта қорының болжамына сүйене отырып, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 400 млрд долларға жуықтайтынын айтты. Ал жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады. Сөзінше, Қазақстан экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі. Бұл халық саны елімізден әлдеқайда көп бірқатар мемлекеттің көрсеткішінен жоғары.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Ал елдің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 млрд доллардан жоғарылаған. Тоқаев бұл көрсеткіштер экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.

Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді

Президент жинақталған экономикалық әлеуетті елдің инфрақұрылымын жаңғыртуға және өңірлерді дамытуға бағыттау қажеттігін айтты. Осыған байланысты Үкіметке бұрын-соңды болмаған ауқымды Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеу тапсырылды.

«Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Соған сәйкес бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Бұл ауқымды жұмысты іске асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 трлн теңге қарастыру қажет. Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді.

«Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін», – деді Тоқаев.

Back to top button