$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 45 іс сотқа жолданды

Қазақстанда 2026 жылы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ІІМ мәліметінше, Қарағанды облысында сот өңірдегі тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды жымқырған қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесіне үкім шығарды. Олар кінәлі деп танылып, 13 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ облыстағы қала құраушы ірі кәсіпорынның аумағынан мүлік жымқыруға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен төрт мүшесіне айыптау үкімі шығарылды. ІІМ мәліметінше, олар жасырын алаяқтық схемаларды қолданған. Сот оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Алматыда автокөліктерді заңсыз тіркеуге, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі деректерді өзгертуге, сондай-ақ көлік сату кезінде алаяқтық жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесі 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Астанада есірткі өткізгені үшін ұйымдасқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен бес мүшесі сотталды. Ұйымдастырушы 17 жылға, оның сыбайластары 16 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Қызылордада жүйелі түрде, соның ішінде кәсіпкерлерге қатысты бопсалау әрекеттерін жасағаны үшін сегіз адам сотталды. Тергеу барысында оларға ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық ету және оның қызметіне қатысу бойынша айып тағылды. Сот оларға 11 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Нұрай Әкіремхан

Нұрән Әділет – Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының білім саласына маманданған тілшісі. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды “қазақ тілі мен әдебиеті” мамандығы бойынша тәмамдаған. Филология ғылымдарының магистрі. Еңбек жолын ШҚО-дағы “Өскемен” газетінде корректор, артынша тілші болып бастаған. 2022 жылы “Jana Bastau” газетінде редактордың орынбасары болған. Әр жылдары Inbusiness.kz сайтында корректор, Qaz365.kz порталында тілші, Kursiv Media-ның Business News бөлімінің тілшісі болып жұмыс істеген. 2026 жылдың наурыз айынан бастап Tizgin.kz порталының арнайы тілшісі.
Back to top button