Қазақстанда маусым мен қараша аралығы – тойдың қызатын шағы. Алайда кейінгі жылдары елімізде некеге тұру көрсеткіші айтарлықтай төмендеп келеді. Былтыр небәрі 116 мың жұп шаңырақ көтеріп, соңғы жылдардағы антирекорд орнатылды. Бұл тіпті карантин шектеулері болған пандемия кезіндегі көрсеткіштен де 10%-ға аз. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында да төмендеу тенденциясы сақталып, 63,5 мың жұп тіркелген. Мамандар мұны 90-жылдардағы демографиялық құлдыраумен және жастардың отбасы құруды кештеу жоспарлауымен түсіндіреді. Осы мәселеге finprom.kz сарапшылары назар аударған.
Бұдан бөлек, қоғамда дүрілдетіп той жасауға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Қазіргі жастар бір күндік мақтан үшін алынатын «той несиелерінен» қашып, оның орнына пәтер алуды немесе саяхатқа шығуды құп көреді. Әлеуметтанулық зерттеулер де осыны растаған: қазақстандықтардың басым бөлігі қаржылық жағдайы көтермейтін үлкен тойларды қолдамайды. Мәселен, батыс және шығыс өңірлерде мұндай тойларды халықтың небәрі 3%-ға жуығы ғана құптаса, оңтүстік аймақтарда (Ақтөбе, Түркістан) бұл үрдіс әлі де жоғары бағаланады.
Той жасаудың құны қанша
Қазір үйлену тойын өткізудің бюджеті қандай? Алматы қаласының нарығын негізге ала отырып, шығындардың үш түрлі нұсқасы есептелген:
1. Үнемді нұсқа (тек неке қию рәсімі): Дастарқан жайып, қонақ шақырмағанның өзінде, қалыңдық пен күйеу жігіттің киімі, жүзік және фото, видео қызметтері үшін кемі 128 мыңнан 474 мың теңгеге дейін қаражат қажет.
2. Орташа нұсқа (50 адамдық шағын той): «Wedding Weekend» форматындағы бұл мерекенің бюджеті 1 миллионнан басталып, 4,2 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл сомаға табиғат аясынан орын жалдау, кейтеринг қызметі, безендіру және қонақтарға арналған тойбастар кіреді.
3. Ең қымбат нұсқа (300 адамдық дәстүрлі той): Қарапайым мейрамхананың өзін жалдап, орташа дастарқан жаю үшін кемі 8,7 миллион теңге қажет. Айта кетейік, бұл сома 50 шаршы метрлік пәтердің 30% бастапқы жарнасына толық жетеді. Ал егер ең қымбат мейрамхана, танымал асаба (көшбасшы жүргізушілердің қаламақысы 8 млн теңгеге дейін барады) және жоғары деңгейлі қызметтерді таңдасаңыз, шығын 57,8 миллион теңгеге дейін шарықтайды. Бұл қаражатқа ешқандай ипотекасыз-ақ су жаңа, кең пәтер сатып алуға болады.