TOP-2Экономика

Қазақстанда Трамптың ұлдарына қатысы бар вольфрам жобасы басталды

Қарағанды облысында Қазақстанды әлемдік вольфрам нарығындағы ірі ойыншылардың біріне айналдыруы мүмкін «Солтүстік Қатпар» жобасын практикалық түрде іске асыру жұмысы басталды. «Жоғарғы Қайрақты» кен орнымен бірге екі жоба жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өнімін шығаруға мүмкіндік бермек. Бұл – қазіргі әлемдік өндіріс көлемінің шамамен 15 пайызы, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Екі кен орнына $1,1 млрд инвестиция салынады

Жоба аясында Қарағанды облысындағы «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарын игеру көзделген. Негізгі мақсат – Қазақстанда кен өндіруден бастап қосылған құны жоғары дайын вольфрам өнімін шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыру. Екі кен орнын игеруге, сондай-ақ тау-кен және өңдеу инфрақұрылымын құруға салынатын жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,1 млрд долларға бағаланып отыр.

Қазір «Солтүстік Қатпар» кен орнында дайындық және геодезиялық жұмыстар жүргізілуде. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталуы тиіс.

Өндіріс толық іске қосылғаннан кейін шамамен 1 200 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.

Ең маңыздысы – өндіріс көлемі. Екі кен орнының жиынтық қуаты жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өнімін құрауы мүмкін. Бұл көрсеткіш қазіргі әлемдік вольфрам өндірісінің шамамен 15 пайызына тең.

Жобаға Трамптың ұлдары қалай қатысады

Жобаның халықаралық деңгейде назар аудартқан тағы бір тұсы – АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлдары Дональд Трамп – кіші мен Эрик Трамптың оған жанама түрде қатысуы. Financial Times мәліметінше, олар Skyline Builders компаниясындағы үлесі арқылы жобаның пассивті қатысушыларына айналған. Аталған компания Kaz Resources компаниясының 20 пайыздық үлесіне иелік етеді.

Сонымен қатар жоба АҚШ тарапынан қомақты қаржыландыруға ие болуы мүмкін. АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы (DFC) Cove Capital компаниясына Қазақстандағы екі кен орнында вольфрам өндіру және өңдеу жобаларын жүзеге асыру үшін шамамен 700 млн доллар көлемінде қаржы ұсынуды жоспарлап отыр.

Вольфрам – стратегиялық маңызы жоғары металл. Ол жоғары температураға төзімділігі мен беріктігіне байланысты машина жасау, энергетика, электроника, аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібінде кеңінен қолданылады.

Егер жоспарланған өндірістік қуатқа қол жеткізілсе, «Солтүстік Қатпар» мен «Жоғарғы Қайрақты» Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіндегі ғана емес, әлемдік стратегиялық металдар нарығындағы рөлін де айтарлықтай күшейте алады.

Back to top button