ЖаңалықтарОқиға

Қазақстанда суға түсуге тыйым салынған жерлерде 68 адам қаза тапты

Шомылу маусымы басталғалы Қазақстанда 68 адам, оның ішінде 24 бала суға кетті.

Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы бері 68 адам, оның ішінде 24 бала суға кеткен. Қайғылы оқиғалардың 90 пайыздан астамы шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған орындарда болған. Бұл туралы ТЖМ хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Саян Тоқымбаевтың айтуынша, суға кету деректері ең көп тіркелген өңірлер – Маңғыстау және Алматы облыстары. Әр облыста тоғыз адамнан көз жұмған. Сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарында бес адамнан суға кеткен.

Мамандардың айтуынша, судағы қайғылы оқиғалардың басты себебі – қауіпсіздік ережелерін сақтамау және су айдындарында демалу кезінде қауіп-қатерді жете бағаламау. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарау ауыр зардаптарға әкеліп отыр.

Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖМ профилактикалық жұмыстарды күшейтті. Жыл басынан бері 24 мыңға жуық балаға жүзу дағдылары үйретілді. Халық арасында 166 мыңға жуық жадынама, парақша мен ақпараттық брошюра таратылып, су айдындарына 1403 қауіпсіздік белгісі орнатылды.

Ведомство өкілдері су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін 7 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 28 мың теңге) көлемінде айыппұл салынады. Шомылу маусымы басталғалы бері 1,5 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Саян Тоқымбаевтың айтуынша, суға кету оқиғаларының 90 пайыздан астамы дәл шомылуға тыйым салынған жерлерде болады. Рейдтік іс-шаралар кезінде ТЖМ қызметкерлері құқық бұзушылықтарды бейнетіркегіштердің көмегімен тіркеп, кейін заң бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімдейді. Оның сөзінше, мұндай тәжірибе қайталанатын құқық бұзушылықтардың санын азайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар ТЖМ түнгі уақытта суға түсуге қауіпсіздік ережелеріне сәйкес тыйым салынғанын тағы бір мәрте ескертті.

Су айдындарындағы жағдайды бақылау үшін құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланады. Шомылу маусымы басталғалы бері ТЖМ қызметкерлері 90 адамды, оның ішінде 23 баланы құтқарып қалды.

Back to top button