Қазақстанда шетел фильмдерінің қазақша дубляжын міндеттеу керек – петиция жарияланды
Тіл мәселесін көтеріп жүрген журналист Жалғас Ертай Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығатын фильмдердің қазақша дубляждалған нұсқасын міндеттеуді ұсынған петиция бастады. Ол Мәдениет және ақпарат министрлігінен «Кинематография туралы» заңға тиісті өзгерістер әзірлеуді сұрайды. Ұсыныстың мақсаты – көрерменге әлемдік киноны қазақ тілінде толыққанды тамашалауға мүмкіндік беру және отандық дубляж индустриясын дамыту, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Субтитр бар, толыққанды дубляж міндетті емес
Петицияда қазіргі заң қазақша аударманы талап еткенімен, фильмнің міндетті түрде қазақ тілінде дыбысталуын қамтамасыз етпейтіні айтылған. Автордың пікірінше, субтитрмен шектелу мүмкіндігі қазақша дубляждың кинопрокаттағы тұрақты стандартқа айналуына кедергі келтіріп отыр.
«Қазақстан кинотеатрларында кең прокатқа шығатын фильмдердің қазақ тіліндегі толыққанды дыбыстық нұсқасы міндетті түрде қолжетімді болуы керек деп есептеймін. Қазіргі “Кинематография туралы” заңның 9-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында қазақ тілінде көрсетілмейтін фильмдер қазақ тілінде дубляждалуға не субтитрленуге, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуге тиіс. Яғни қолданыстағы заң қазақша нұсқаны талап еткенімен, толыққанды дубляжды міндеттемейді. Дистрибьютор тек субтитр арқылы да заң талабын орындай алады. Соның салдарынан қазақ тіліндегі дубляж Қазақстан кинопрокатының тұрақты стандартына айналған жоқ. Фильмдердің басым бөлігі қазақша дыбысталмайды, ал көрерменнің әлемдік киноөнімді қазақша көру мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте қазақ тіліндегі дубляжға коммерциялық сұраныстың бар екенін нақты мысалдар көрсетеді. Disney ұсынған “Моана 2” фильмінің қазақша нұсқасы небәрі 12 күнде 151 млн теңгеден астам касса жинап, Қазақстанда бокс-офистің 12% құрады», — делінген петицияда.
Автор қазақша дубляжға сұранысты көрсететін тағы бір мысал ретінде «Ойжұмбақ 2» фильмін келтіреді. Петициядағы мәліметке сәйкес, оның қазақша нұсқасы алғашқы төрт күнде 40 млн теңгеден астам табыс тапқан.
Сондай-ақ құжатта Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сілтеме жасалып, 2024 жылы қазақстандық фильмдердің прокаттан 22 млрд теңгеден астам жинағаны айтылған. Жалғас Ертай мұны елде киноға билет сатып алатын ауқымды аудитория бар екенінің көрсеткіші ретінде қарастырады.
Қазақша нұсқа негізгі прокатпен қатар шығуы тиіс
Петиция авторы қазақша дубляжды қосымша шығын ретінде ғана бағалауға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, тұрақты ұсыныс көрермен сұранысын қалыптастырып, дубляж саласындағы мамандар мен студияларды тұрақты тапсырыспен қамтамасыз ете алады.
«Сондықтан қазақша дубляжды тек қосымша шығын ретінде қарастыру дұрыс емес. Тұрақты ұсыныс болған жағдайда қазақ тіліндегі дубляж жеке нарық ретінде қалыптаса алады. Бүгін фильм дубляждалмаса, қазақша сеанс болмайды; сеанс болмаса, касса да болмайды; ал кейін осы жағдай “сұраныс жоқ” деген уәжге айналады. Мұндай тұйық шеңберді тұрақты ұсыныс қана бұза алады. Қазақ тіліндегі дубляждың тағы бір маңызды қыры – балалар мен отбасылық аудитория. Кішкентай балалар фильмді субтитр арқылы толыққанды қабылдай алмайды. Сондықтан балаларға және отбасымен көруге арналған фильмдерде қазақша дубляждың болуы ерекше маңызды. Сонымен қатар тұрақты дубляж нарығы кәсіби аудармашыларға, актерлерге, режиссерлерге, дыбыс мамандарына және студияларға тұрақты тапсырыс қалыптастырып, Қазақстандағы жеке дубляж индустриясының дамуына мүмкіндік береді», — делінген петицияда.
Осыған байланысты журналист «Кинематография туралы» заңның 9-бабына өзгеріс енгізуді ұсынады. Шектеулі прокатты қоспағанда, түпнұсқа тілі қазақша емес фильмдердің қазақ тілінде дубляждалған нұсқасы болуы тиіс деген талапты заңмен бекітуді сұрайды.
Ұсыныста мына шарттар қамтылған:
- қазақша дубляж фильмнің Қазақстандағы негізгі прокатымен қатар қолжетімді болуы;
- субтитр мен кадр сыртындағы аударма қосымша нұсқа ретінде сақталып, дубляждың орнын алмастырмауы;
- шектеулі прокаттағы фильмдерге ерекше тәртіп қолданылуы;
- дистрибьюторлар мен кинотеатрларға жаңа талапқа бейімделу үшін негізді өтпелі кезең берілуі.
Автор бұл бастама басқа тілдердегі фильмдерді көрсетуге тыйым салуды көздемейтінін атап өтеді. Мақсат – Қазақстандағы көрерменнің тілдік таңдауын кеңейтіп, әлемдік киноны мемлекеттік тілде де толыққанды көруіне жағдай жасау. Петицияда Мәдениет және ақпарат министрлігінен осы ұсыныстарға сәйкес заңға өзгерістер әзірлеп, оларды заңнамада белгіленген тәртіппен енгізу сұралған.