Қазақстанда шенеуніктердің айлығы қанша
2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі шенеуніктердің орташа атаулы жалақысы 372,2 мың теңгені құрады. Ал Астанада бұл көрсеткіш 618 мың теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Finprom.kz деректеріне сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының мәліметін талдаған сарапшылар елордадағы шенеуніктердің жалақысы республикадағы орташа деңгейден 66 пайызға жоғары екенін анықтаған. Алматыда мемлекеттік қызметкерлер орта есеппен 418 мың теңге алады.
Ал өңірлер арасында ең төмен көрсеткіш Жамбыл облысында тіркелді – 301,9 мың теңге. Шымкентте шенеуніктердің орташа жалақысы 317 мың теңге болса, Павлодар облысында 324 мың теңгенің айналасында.
Бір қызығы, ресми орташа жалақы жоғары болғанымен, шенеуніктер арасындағы ең жиі кездесетін айлық небәрі 223 мың теңге болып шыққан. Бұл Астанадағы орташа жалақыдан шамамен үш есе аз.
Ең жоғары жалақы алатындар кімдер?
Сарапшылардың айтуынша, жалақы көлеміне қызмет саласы қатты әсер етеді. Ең жоғары орташа табыс әлеуметтік қамсыздандыру саласында тіркелген – 1 млн теңге. Халықаралық қызмет бағытындағы мемлекеттік қызметкерлер шамамен 680 мың теңге алады.

Республикалық мемлекеттік органдарда жұмыс істейтіндердің орташа айлығы 764 мың теңгеден асса, қала әкімдіктеріндегі қызметкерлер 396 мың теңге көлемінде жалақы алады.
Ал нақты мамандықтарға келсек, әкімдер мен депутаттардың табысы жарияланбайды. Бірақ ресми дерек бойынша ең жоғары жалақы алатындар – судьялар. Олардың орташа айлығы 1 млн теңгеге жеткен.
Одан кейін сапаны бақылау инженерлері – 835 мың теңге, тексеру комиссияларының төрағалары – 795 мың теңге, Ұлттық банк мамандары – 720 мың теңге алады.
Ең төмен жалақы кімдерде?
Ең төмен жалақы техникалық қолдау қызметкерлерінде тіркелген – 90 мың теңге. Хатшылар 106 мың теңге, жүргізушілер 112 мың теңге, ал аула сыпырушылар шамамен 120 мың теңге алады.
Шенеуніктердің жалақысы тағы өсуі мүмкін
Қазір Сенатта мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын кемінде үш жылда бір рет көтеруді міндеттейтін заң жобасы қаралып жатыр.