Жаңалықтар

Қазақстанда шегірткеге қарсы науқан аяқталды: АШМ егістікке зиян келмегенін хабарлады

Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы биылғы жұмыстар толық аяқталды. Үкіметтің мәліметінше, қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілмеген. Сонымен қатар кейнігі екі жылда химиялық өңдеу көлемі 42 пайызға қысқарып, бюджет шығыстары 2 млрд теңгеге азайған, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Шегірткеге қарсы науқан қандай нәтижемен аяқталды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру, экспорттық әлеуетті кеңейту және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесі жаңғыртылып келеді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде елімізде шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс жұмыстары толық аяқталды. Биыл химиялық өңдеу агротехникалық талаптарға сай оңтайлы мерзімде 1,8 млн гектар алқапта жүргізілді. Ең бастысы – ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына жол берілген жоқ.

Министрлік мұны зиянкестердің таралуын ерте анықтау мен ошақтарды уақытылы оқшаулаудың нәтижесі деп бағалайды.

Неліктен химиялық өңдеу көлемі 42 пайызға азайды

Кейінгі екі жылда фитосанитариялық қызмет кезең-кезеңімен жаңғыртылып, мониторингтің заманауи технологиялары енгізілді. Сондай-ақ қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды.

Соның нәтижесінде химиялық өңдеу жүргізілген алқап көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарды. Бұл – 42 пайыздық төмендеу. Министрлік бұл көрсеткіш зиянкестердің таралу ошақтары ерте анықталып, дер кезінде оқшауланғанын білдіретінін атап өтті. Соның арқасында қорғаныс шаралары нақты ошақтарға бағытталып, мемлекет шығындары да азайған.

Мемлекет қанша қаржы үнемдеді

Жаңартылған тәсілдердің тағы бір нәтижесі – бюджет қаражатының үнемделуі болды.

Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылы шегірткеге қарсы іс-шараларға жұмсалған бюджет шығыстары 2024 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге немесе 25 пайызға қысқарған.

Бұған сатып алудың бірыңғай кешенді моделіне көшу де ықпал етті. Енді өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуден бастап химиялық өңдеу жұмыстарына дейінгі барлық кезеңге бір мердігер жауап береді. Бұл жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын күшейткен.

Фитосанитариялық бақылау қалай цифрландырылды

Саланы жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі – цифрлық трансформация.

Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі «ФИТОЦЕНТР» ақпараттық жүйесін іске қосты. Жүйе нақты уақыт режимінде фитосанитариялық ахуалды бақылауға, зерттеу нәтижелерін электронды форматта тіркеуге, зиянкестердің таралу ошақтарын қадағалауға және жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар материалдық-техникалық база да күшейтілді. Мониторинг жүргізу және химиялық өңдеу үшін, оның ішінде жетуі қиын аумақтарда қолданылатын 103 пилотсыз ұшу аппараты сатып алынды. Ал бүрку техникасының саны 427-ден 556 бірлікке дейін көбейтілді.

Шекара маңындағы ахуал қандай

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта шекаралас аумақтардағы фитосанитариялық жағдай тұрақты.

Шегіртке зиянкестерінің Қазақстан аумағына көшу фактілері тіркелмеген. Қажетті техника шекара маңына алдын ала шоғырландырылған және қажет болған жағдайда қорғаныс жұмыстарын жедел бастауға дайын.

Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп, жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Back to top button