Жаңалықтар

Енді қылмыстық істерді тергеуге жасанды интеллект көмектеседі

Бас прокуратура қылмыстық процестерге жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізуді бастады. Бұл жұмыс Бас прокурор Берік Асыловтың цифрландыруды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Жасанды интеллект тергеу жұмысына көмектеседі

Бас прокуратураның мәліметінше, Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің бастығы Асхат Шәріпов жетекші қазақстандық IT-компаниялар мен цифрлық экожүйе ұйымдарының өкілдерімен бірқатар жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында Q.AI Limited компаниясының бас директоры Дмитрий Мун мемлекеттік басқаруда және қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеуде қолдануға болатын жасанды интеллект шешімдерін таныстырды.

Сондай-ақ Alem.ai жасанды интеллект орталығында Astana Hub, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Astana Innovations» АҚ және TSARKA өкілдері Smart Data Ukimet, Smart City платформалары мен цифрлық криминалистика саласындағы жаңа әзірлемелерді ұсынды.

Ведомствоның мәліметінше, бұл технологиялар үлкен көлемдегі деректерді интеллектуалды талдауға, бірқатар процестерді автоматтандыруға және қылмыстық істерді тергеудің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бас прокуратура IT-компаниялармен меморандумға қол қойды

Асхат Шәріпов Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында қадағалау органдарында заманауи цифрлық технологиялар жүйелі түрде енгізіліп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, жасанды интеллект мүмкіндіктері қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасын арттыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталады.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу және отандық цифрлық шешімдерді арнайы прокурорлардың қызметіне енгізу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Back to top button