Жаңалықтар

Енді қарызы бар азаматтар бірыңғай тізімге енгізіледі

Қазақстанда қарызы бар азаматтар туралы мәліметтер енді бірыңғай электронды тізілімде жинақталады. Жаңа бұйрық 25 тамыздан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Әділет министрі борышкерлердің бірыңғай тізілімін жүргізу қағидаларын бекітті. Тізілім атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар азаматтар мен ұйымдар туралы мәліметтерді қамтиды.

Енді атқарушылық іс жүргізу қозғалған сәттен бастап борышкер туралы ақпарат тізімге автоматты түрде енгізіледі. Ол үшін азаматтың жеке өтініші немесе қосымша рәсім қажет емес.

Кімдер тізімге енеді

Тізімге сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді бастаған борышкерлер енгізіледі. Сондай-ақ мерзімді төлем бойынша берешегі үш айдан асып кеткендер де тізімге түседі.

Бұдан бөлек, баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы сот талабын дәлелді себепсіз қатарынан екі реттен артық орындамаған азаматтар да тізімге енгізіледі. Борышкерлер туралы мәліметтер уәкілетті органның ресми сайтында жарияланады.

Тізімнен қалай шығады

Берешек өтеліп, атқарушылық құжаттың талаптары орындалған жағдайда азамат тізілімнен шығарылады. Тиісті ақпарат сот орындаушысынан түскен соң аумақтық орган мәліметті үш жұмыс күні ішінде алып тастауға тиіс.

Кей жағдайда бұл процесс адамның араласуынсыз жүзеге асады. Мәселен, атқарушылық құжатты мәжбүрлеп орындатуға ұсыну мерзімі өтіп кетсе, цифрлық жүйе борышкер туралы ақпаратты тізілімнен автоматты түрде шығарады. Одан кейін жүйе мәжбүрлеп орындату шараларын жою туралы қаулыны да автоматты түрде қалыптастырады.

Жаңа қағидаларға сәйкес, цифрлық жүйеге енгізілетін мәліметтердің дұрыстығына сот орындаушысы жауап береді.

Жаңа бұйрық 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

Back to top button